13.10.2015, 14:15 3947

Елбасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповті қабылдады

Кездесу барысында А.Сәрінжіпов Мемлекет басшысына білім беру жүйесініӊ дамуы және жаӊа оқу жылына орай жүргізілген дайындық жұмыстары туралы баяндады

Астана. 13 Қазан. Kazakhstan Today - Кездесу барысында А.Сәрінжіпов Мемлекет басшысына білім беру жүйесініӊ дамуы және жаӊа оқу жылына орай жүргізілген дайындық жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Қазақстан Президенті әлемдік экономикадағы дағдарысқа және бюджет шығыстарын азайтудыӊ мәжбүрліктен туған шараларына қарамастан, білім беру саласына бөлінетін қаражаттыӊ қысқартылмайтынын атап өтті. Бұл туралы Ақорданыӊ баспасөз қызметінен хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев мектепке дейінгі мекемелер инфрақұрылымын мемлекет пен жекеменшіктіӊ серіктестігі негізінде дамыту қажеттігін де атап көрсетті.

Мемлекет басшысы мұғалім мәртебесін көтерудіӊ және еӊбекақы өсімін оныӊ біліктілік деӊгейімен сәйкестендірудіӊ маӊыздылығын айтты.

Қазақстан Президенті орта білім саласында Назарбаев зияткерлік мектептерініӊ тәжірибесі негізіндегі жаӊартылған білім беру үдерісіне көшкен жөн екеніне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев кадр даярлау мәселесіне жұмыс берушініӊ араласу аясын кеӊейту мәселесін техникалық және кәсіптік білім берудіӊ негізгі бағыты ретінде атап өтті. Сонымен қатар ғылым саласындағы зерттеулер нәтижесін өндіріске енгізу ісіне ден қойылу керектігі айтылды.

А.Сәрінжіпов оқу үдерісін ұйымдастырудыӊ қазіргі ахуалы жөнінде баяндап берді.

Биыл елде 7,5 мыӊнан астам мектеп 2,6 миллион оқушыға есігін ашты. Бірінші сыныпқа 345 мыӊ оқушы барды, бұл былтырғы оқу жылына қарағанда 15 мыӊға артық. 2015 жылы 173 мектеп пайдалануға берілді, 250 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Барлық мектеп оқулықпен қамтамасыз етілді, - деді білім және ғылым министрі.

А.Сәрінжіпов балалардыӊ мектепке дейінгі білім беру бағдарламасымен қамтылуы 84 пайызға жеткенін, бес жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 30 пайыз болғанын айтты.

Сондай-ақ педагогтардыӊ білімін жетілдіру және экономика үшін қажетті мамандар даярлау мәселесі де қарастырылды.

Соӊғы екі жылда 123 мыӊ мұғалім түрлі білім жетілдіру курстарынан өтті. Биылдан бастап озық 10 колледж бен 10 жоғары оқу орнында мақсатты түрде индустрияландыру бағдарламасы үшін кадр даярлау ісі қолға алынды, - деді А.Сәрінжіпов.

Кездесу соӊында Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны