14.10.2015, 12:47 4201

Елбасы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Рәсім барысында Қазақстан Президентіне бірқатар елдердіӊ Төтенше және өкілетті елшілері - Корея Республикасынан Чо Ёнг Чон, Иордания Хашимиттік Корольдігінен - Ахмед Идрис Инаб, Испания Корольдігінен - Педро Хосе Санс Серрано, Палестина Мемлекетінен - Мунтасер Абу Зейд, Латвия Республикасынан Юрис Погребнякс сенім грамоталарын тапсырды

Астана. 14 Қазан. Kazakhstan Today - Рәсім барысында Қазақстан Президентіне бірқатар елдердіӊ Төтенше және өкілетті елшілері - Корея Республикасынан Чо Ёнг Чон, Иордания Хашимиттік Корольдігінен - Ахмед Идрис Инаб, Испания Корольдігінен - Педро Хосе Санс Серрано, Палестина Мемлекетінен - Мунтасер Абу Зейд, Латвия Республикасынан Юрис Погребнякс сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді дипломатиялық миссияларыныӊ басталуымен құттықтап, олардыӊ қызметі екіжақты қарым-қатынастар мен елдеріміздіӊ арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді деп үміттенетінін айтты. Бұл туралы Ақорданыӊ баспасөз қызметінен хабарлады.

Біздіӊ бүгінгі кездесуіміз бүкіл Қазақстанда айрықша оқиға - Қазақ хандығыныӊ 550 жылдығы кеӊінен тойланып жатқан кезеӊмен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл мемлекеттік құрылым қазақ ұлтын ұйыстыру ісінде айрықша рөл атқарды. Біз жаӊа тарихи кезеӊде мемлекеттіліктіӊ байырғы дәстүрлерін жаӊғырттық, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті тәуелсіздік жылдары ішінде заманауи мемлекеттіліктіӊ берік іргетасы - қарқынды дамыған нарықтық экономика және тұрақты саяси жүйе құрылғанын айтты.

Биыл Ұлт жоспарыныӊ 100 қадамы арқылы нақтыланған бес институционалдық реформа бастау алды. Қазақстанныӊ айтарлықтай транзиттік-көлік әлеуеті бар. "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында біз республикада инфрақұрылым қалыптастырып жатырмыз. Жібек жолын жаӊғырту арқылы халықаралық көлік дәліздері қалыптасуда. Британ құқығына негізделген "Астана" халықаралық қаржы орталығы құрылуда, онда қосымша құн салығын қайтару, жұмыс күшін тарту және басқа да ерекше жеӊілдіктер қарастырады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы 2017 жылы Астанада "Болашақтыӊ энергиясы" тақырыбына арналған "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрме өтетініне тоқталды. Сондай-ақ елімізді әлемдегі дамыған 30 елдіӊ қатарына қосуды көздейтін Қазақстанныӊ 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы жүзеге асырылуда.

Нұрсұлтан Назарбаев осыныӊ бәрі дипломаттар өкілдік етіп отырған мемлекеттермен арадағы өзара тиімді ынтымақтастық үшін жақсы мүмкіндіктер мен перспективаларға жол ашатынын айтты.

Қазақстан Президенті ХХІ ғасырда жаһандық жаӊа архитектура қалыптастыру ісі жаһандық қауіп-қатер ұлғайған тұста жүргізіліп жатқанын, бұлармен күресу барлық мемлекеттіӊ күш-жігерін жұмылдыруды талап ететініне назар аударды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халықаралық байланыстар аясын белсенді түрде кеӊейту және тереӊдету бағытын жалғастыра беретінін атап көрсетті.

Біз өзара сенімді қалпына келтіруге, бейбітшілік пен қауіпсіздікті халықаралық құқық негізінде нығайтуға бағытталған іс-әрекеттерді қолдаймыз. Қазақстанныӊ Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі әлем елдерімен сауда жасауға мүмкіндік береді. Біз сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қосылу жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеӊесініӊ 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ұсынды. Еліміздіӊ кандидатурасы сіздердіӊ мемлекеттеріӊіз тарапынан қолдау табады деп үміттенеміз, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясыныӊ мерейтойлық 70-ші сессиясында терроризмге, кедейшілікке қарсы күреске, ядролық қаруды таратпауды қамтамасыз етуге қатысты бірқатар ұсыныс жасағанын айтты.

Қазақстан Президенті еліміз Азиядағы сенімді серіктес - Корея Республикасымен достық қарым-қатынастарды жоғары бағалайтынына назар аударды.

Біздіӊ ынтымақтастығымыз биік деӊгейге көтерілді. Корея Республикасыныӊ Президенті Пак Кын Хе Астанаға

2014 жылы мемлекеттік сапармен келді. Сол кезде біз ынтымақтастықты жалғастыруға өзара мүдделі екенімізді растадық. Қазақстан экономикасына салған Корея инвестициясыныӊ жалпы көлемі 4 миллиард доллардан асты. Корея компанияларыныӊ қатысуымен бірлескен 24 жоба іске асырылуда. Астана мен Сеулдіӊ көптеген халықаралық мәселелер жөніндегі ұстанымдары ұқсас. Сауда-экономикалық, гуманитарлық және басқа салалардағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеӊейту халықтарымызға пайда әкелетініне сенімдімін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанныӊ Иорданиямен өзара тиімді ынтымақтастықты кеӊейтуге мүдделі екенін айтты.

Екіжақты қарым-қатынастар ынтымақтастықтыӊ барлық бағыттары бойынша жүйелі дамып келеді. Жоғары деӊгейде сенімді диалог орныққан. Біз Иорданияға Қазақстанныӊ сыртқы саяси бастамаларына ұдайы қолдау көрсетіп, елімізде өткізілген барлық халықаралық шараларға тұрақты қатысып келе жатқаны үшін алғыс айтамыз. Король ІІ Абдаллаға биылғы маусымда өткен Илемдік және дәстүрлі діндер лидерлерініӊ 5-съезініӊ жұмысына қатысқаны үшін ризашылығымды білдіремін. Біз түрлі салаларда ынтымақтастықты жолға қоюға, екі ел халқыныӊ игілігі үшін бірлескен іскерлік жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев біздіӊ еліміз бен Испания Корольдігін дәстүрлі достық қарым-қатынастарға құрылған ынтымақтастық байланыстыратынына тоқталды.

Жоғары деӊгейдегі Қазақстан-Испания қарым-қатынастары саяси диалогымыздыӊ белсенділігі мен сауда-экономикалық ынтымақтастықтыӊ қарқынды дамуы арқылы ерекшеленіп отыр. Біз Испанияға Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеӊесініӊ 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне ұсынылған Қазақстанныӊ кандидатурасын қолдағаны үшін ризашылық білдіреміз. Испания Үкіметініӊ төрағасы Мариано Рахойдыӊ 2013 жылғы ресми сапары елдеріміздіӊ ынтымақтастығына тыӊ серпін берді. Қазақстанда Испанияныӊ көптеген компаниялары табысты жұмыс жүргізуде. Осы бағытты жалғастыру маӊызды, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Палестина біздіӊ еліміздіӊ Таяу Шығыстағы маӊызды серіктесі екеніне назар аударды.

Біз Палестинамен ынтымақтастықты кеӊейтуге және тереӊдетуге зор маӊыз береміз. Палестина-Израиль қақтығысыныӊ оӊ шешілмеуіне байланысты біздіӊ ынтымақтастығымыздыӊ әлеуеті әзірше жүзеге аспай отыр. Қазақстан өз тәуелсіздігініӊ алғашқы күнінен бастап бұл проблеманы халықаралық құқық негізінде реттеуді жақтап келеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанныӊ Латвия Республикасымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін атап айтты.

Біз Латвияны Балтық өӊіріндегі маӊызды сауда-экономикалық серіктесіміз ретінде қарастырамыз. Көлік-транзит, машина жасау және ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, білім мен туризм саласындағы ынтымақтастықтыӊ әлеуеті зор. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар аясын кеӊейтуді көздеп отырмыз, - деді Қазақстан Президенті.

Соӊында Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Астанада жауапты дипломатиялық қызметтерініӊ басталуымен құттықтап, денсаулық пен табыс тіледі.

Корея Республикасыныӊ Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чо Енг Чон тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанныӊ жылдам әрі қарқынды дамуға қол жеткізгенін, ал республика азаматтары болашақтарына сенімді екенін атап өтті. Чо Енг Чон сондай-ақ Корея басшылығы елдеріміздіӊ арасында ынтымақтастықтыӊ зор әлеуеті бар екенін көріп отырғанын және оны жүзеге асыру үшін бар күш-жігерді жұмылдыруға ниетті екенін айтты.

Иордания Хашимиттік Корольдігініӊ Төтенше және өкілетті елшісі Ахмед Идрис Инаб Қазақстанда өз елініӊ атынан өкілдік ету зор мәртебе екенін айта келіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.

Иордания бүгінде Қазақстанныӊ барлық халықаралық, соныӊ ішінде өӊірлік және жаһандық мәселелерге қатысты ұстанымдарын қолдайды. Елдеріміздіӊ арасында экономика, сауда және мәдени салаларында екіжақты келісімдердіӊ қомақты базасы қалыптасқан. Болашақта біз Қазақстан аумағында мысалы фармацевтика саласында Иордания зауыттары салынады деп ойлаймыз, - деді Ахмед Идрис Инаб.

Испания Корольдігініӊ Төтенше және өкілетті елшісі Педро Хосе Санс Серрано өз елініӊ бірінші болып Қазақстанмен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойғанына назар аударды. Сол сондай-ақ Испанияныӊ биыл жыл аяғына дейін қол қойылатын Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеӊейтілген серіктестік және стратегиялық ынтымақтастық келісімді қолдайтынын да атап өтті.

Палестина Мемлекетініӊ Төтенше және өкілетті елшісі Монтасер Абу Зейд Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына БҰҰ Бас ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеӊесініӊ араб-израиль қақтығысына байланысты барлық қарарларына қатысты нақты ұстанымы үшін алғыс білдірді.

Бүгінде сіздіӊ ел Нұрсұлтан Назарбаевтыӊ басшылығымен Таяу Шығыстағы ахуалды бейбіт реттеу үдерісінде маӊызды рөл атқарып отыр, - деді Монтасер Абу Зейд.

Латвия Республикасыныӊ елшісі Юрис Погребнякс Қазақстан Латвияныӊ Орталық Азиядағы ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін атап көрсетті.

Көлік, фармацевтика, ақпараттық технологиялар, қалдықтарды қайтара өӊдеу, азық-түлік өнімдерініӊ өндірісі, құрылысы сияқты салаларда екіжақты ынтымақтастық үшін зор перспективалар бар. Қазақстан Латвия үшін маӊызды транзиттік серіктес болып саналады. Біз үшін Қазақстан мен Қытайдыӊ шекарасындағы Қорғас "құрғақ портыныӊ" мүмкіндіктері зор қызығушылық тудырады, - деді Юрис Погребнякс.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны