27.04.2015, 22:08 3988

Елбасы халықаралық байқаушылармен кездесті

Елбасы халықаралық байқаушыларға Қазақстан Республикасы Президентініӊ сайлауына қызығушылық танытқандары үшін алғыс айтып, сайлаушылардыӊ саяси белсенділігі мен билікке сенімі артып келе жатқанын атап өтті

Астана. 24 сәуір. Kazakhstan Today - Елбасы халықаралық байқаушыларға Қазақстан Республикасы Президентініӊ сайлауына қызығушылық танытқандары үшін алғыс айтып, сайлаушылардыӊ саяси белсенділігі мен билікке сенімі артып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

- Өздеріӊізге мәлім, сайлау барысында халықтыӊ белсенділігі жоғары екені байқалды. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы жариялаған мәліметке сәйкес, сайлаушылардыӊ 95,5 пайызы дауыс берген. Соӊғы 5 жылда елдегі сайлаушылар саны жарты миллионнан астам адамға ұлғайды. Сайлау барысын мониторингтеу және жариялап көрсету ісін байқаушылар, соныӊ ішінде халықаралық ұйымдардыӊ өкілдері мен шетелдік журналистер қамтамасыз етті. Сайлау қорытындысы бойынша халықтыӊ абсолюттік қолдауы Қазақстанныӊ алдына мен қойып отырған міндеттерді жүзеге асыру үшін теӊдессіз мандат береді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл туралы Ақорданыӊ баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазақстан Президенті мемлекеттіӊ алдында тұрған міндеттерге тоқталды.

- Бірінші кезекте біз халық қолдаған қазіргі бағытымызды жалғастыратын боламыз. Біз елімізде бар табиғи ресурстарға тәуелді болмайтын экономика қалыптастыруға ниеттіміз. Қазіргі кезде индустрияландырудыӊ бірінші бесжылдығы аяқталды, оныӊ аясында 800-ге жуық кәсіпорын құрылды. Қазір біз екінші бесжылдыққа аяқ бастық. Біз өз күшімізге толық сенімдіміз және әлемдік қаржы институттарыныӊ, сондай-ақ 100-ге тарта трансұлттық компаниялардыӊ қолдауына ие болып отырмыз, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір басымдықтыӊ "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру екенін, онда елдіӊ көлік инфрақұрылымын дамыту және Қазақстанныӊ Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік көпір ретіндегі рөлін арттыру мәселесі қарастырылғанын айтты.

Қазақстан Президенті "Нұр Отан" партиясыныӊ XVI съезінде жарияланған бес халықтық реформаныӊ да маӊыздылығын еске салды.

- Ертеӊгі күннен бастап-ақ біз арнайы комиссиялар құруға және осы реформаларды іске асыруға кірісеміз. Бұл жаӊғыртулар өте өзекті, сондықтан оларды жүзеге асыру үшін халық берген сенім мандаты аса маӊызды, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанныӊ сыртқы саясаты көпвекторлылық пен теӊгерімділік қағидаттарына құрылатынын атап өтті.

- Қазақстан көрсетілген сенімді пайдалана отырып, бейбітшілік орнату бағытында күш-жігер жұмсауын жалғастырып келеді және түрлі өӊірлердегі қақтығысушы тараптардыӊ арасында ара ағайындық етуде. Өздеріӊізге мәлім, біз Иран мәселесіне атсалыстық, Сирияға да көмектесуге ниеттіміз. Сонымен бірге, мен Украинадағы қақтығысты реттеуге күш-жігер жұмсап келемін, - деді Қазақстан Президенті.

Халықаралық байқаушылар өз кезегінде сайлау үдерісін оӊ бағалап, сайлау қорытындысы екі құрлықтыӊ арасындағы табиғи көпір болып отырған Қазақстандағы демократияныӊ жеӊісін ғана емес, Азия мен Еуропаныӊ барша демократиялық қоғамдарыныӊ болашағын да паш еткенін атап өтті.

ГФР Бундестаг депутаты, ХДО/ХИО партиясынан сайланған ПАСЕ мүшесі К.Штренц Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаудағы жеӊісімен құттықтады және Германия Федералдық Канцлері А.Меркельдіӊ жылы лебізін жеткізді.

- Сайлауды ұйымдастыру жоғары деӊгейде болды. Мен бақылаған учаскелерде ешқандай заӊ бұзушылық көрмедім, бәрі өте сауатты өткізілді, сол себепті де нәтижелері өте жақсы болды, - деді К.Штренц.

ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясыныӊ бұрынғы төрағасы, Азия және Жерорта теӊізі елдерініӊ "Изамед" институтыныӊ парламентаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі президенті Р.Мильори Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлау өзге демократиялық елдерге үлгі болып саналатынын атап өтті.

- Қазақстандағы президенттік сайлау ашық, еркін және әділ өткенін халықаралық қоғамдастық атынан атап айтқым келеді. Біз сайлаудыӊ барлық халықаралық стандарттарға сай өткеніне сенімдіміз. Сіз ғана емес, бүкіл ел жеӊіске жетті, өйткені Қазақстан толерантты, заӊды сыйлайтын, орнықты мемлекеттіӊ үлгісі болып саналады, - деді Р.Мильори.

Еуропалық Парламентке Латвиядан сайланған депутат, Еуропарламенттіӊ Орталық Азия жөніндегі делегациясыныӊ басшысы И.Григуле дауыс беру үдерісі жоғары деӊгейде ұйымдастырылғанын айтты.

- Кеше біз бірнеше учаскеде болдық, соған орай сайлау аса жоғары деӊгейде, өте жақсы ахуалда өтті дей аламын. Қазақстан азаматтары Президент үшін ғана емес, өз елініӊ болашағы үшін, өркендеу, экономикалық даму және тұрақтылық үшін дауыс берді, - деді депутат.

ГФР Бундестаг депутаты, Халықаралық істер комитетіне ХДО/ХИО партиясы атынан мүше болып отырған Г.Цертих халықтыӊ белсенділігі мен сайлаудыӊ ашықтығына назар аударды.

- Мен Қазақстандағы президенттік сайлауға байқаушы ретінде қатысқанымды мақтан етемін. Мұнда келген алғашқы күні-ақ сайлауға дайындық жергілікті жерлерде қандай құлшыныспен жүріп жатқанына куә болдым. Ал адамдардыӊ сайлау учаскелеріне қалай келе бастағанын көргенде халық өз Президентін қолдайтынын ұқтым. Иркім де өзі үшін лайықты санаған таӊдауын жасады деп ойлаймын, - деді Г.Цертих.

Салық және инвестициялар жөніндегі халықаралық орталық директоры Д.Витт өткен сайлау Қазақстан Республикасында болашақ ұрпақ игілігі үшін демократиялық институттар қалыптастыру бағытында жасалған тағы бір қадам болғанына тоқталды.

- Сіздіӊ өз жұмысыӊызда келесі басымдық ретінде экономикалық реформаларды белгілегеніӊіз өте маӊызды деп санаймын. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымыныӊ мүшесі болады деп үміттенемін. Біз осы өршіл мақсатты жүзеге асыру барысында Қазақстан үкіметіне жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз, - деді байқаушы.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны