25.08.2006, 17:01 3064

Елбасы Қарағандыда көмір кеніштерінде қаза болған шахтерларға арналған ескерткіштің ашылуына қатысты

ҚАРАҒАНДЫ. 25-тамыз. Kazakhstan Today. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағандыға келді. Онда мемлекет басшысы Қарағанды облысының 70 жылдық мерейтойына қатысады , деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Мерейтойлық салтанатты шаралардың басым бөлігі шахтерлардың кәсіби мерекесімен орайластырылған. Орталық мәдениет және демалыс саябағында көмір кеніштерінде қаза болған шахтерларға арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті, оған ардагерлер, еңбек ерлері, балалар мен қаза тапқан кеншілердің жесірлері қатысты.

Рәсім бір минуттық үнсіздікпен басталды. Н.Назарбаев ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Митингіні ашқан мемлекет басшысы: "ерлердің есімі ел есінде қалуға тиіс. Бұл олардың алдындағы біздің өтелмес парызымыз. Шахтер жұмысы әрдайым қауіп-қатермен байланысты",- деп атап өтті. 2005 жылғы жазда Қарағандыға сапары барысында Мемлекет басшысы осындай ескерткіш тұрғызу туралы тапсырма берген. Ол тапсырма 2004 жылғы желтоқсанның 5-інде болған жарылыстан 23 кенші қаза тапқан "Шахтинский" шахтасына барған кезде берілген болатын. "Біз қарағандының көмірі үшін өмірін қиған ерлерді құрметтейміз. Бұл - нағыз ерлердің ісі",- деді Н.Назарбаев.

Шараға Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулин, трансұлттық "Миттал Стил" компаниясының басшысы Лакшми Миттал, "Миттал Стил" компаниясының бас операциялық директоры Малай Мукхерджи, "Миттал Стил Темиртау" АҚ көмір департаментінің атқарушы директоры Григорий Презент сынды адамдар қатысты.

Сапар бағдарламасында президент сонымен бірге, "Отан" партиясының активімен кездесу жоспарланып отыр. Сол күні мемлекет басшысы керамикалық кірпіш өндіретін "Картек" ЖШС зауытында болады. Ал кешке облыстың мерейтойына орай "Шахтер" стадионында өткізілетін театрландырылған қойылымды тамашалайды.

Сенбі күні кешкісін президенттің қатысуымен С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының жаңа ғимаратының іргетасын қалау рәсімі өтеді.

Мерейтой шараларына алыс және жақын шетелдерден қонақтар қатысады деп күтілуде.

Қарағанды облысының іргетасы 1936-жылдың 29-шілдесінде қаланған.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны