08.12.2009, 17:17 3233

Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің қызметін жетілдіру мәселелері бойынша нақты шараларды қабылдауды тапсырды

Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің қызметін жетілдіру мәселелері бойынша нақты шараларды қабылдауды тапсырды

Астана. 8 желтоқсан. Kazakhstan Today - Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің қызметін жетілдіру мәселелері бойынша нақты шараларды қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Ақордада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы болып өтті.

Отырыста Қауіпсіздік кеңесінің қызметін жетілдіру мәселелері, Қазақстан Республикасының дағдарыстан кейінгі даму стратегиясы, 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге дайындық барысы қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша президент көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы М. Тәжин, премьер-министр К. Мәсімов және мемлекеттік хатшы - сыртқы істер министрі Қ. Саудабаев баяндама жасады.

Мемлекет басшысы тұрақтылықты қамтамасыз етуде және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуда Қауіпсіздік кеңесінің рөлін тиісінше арттыру қажеттігін атап өтті. Бұл мемлекет пен қоғамды барынша нығайтуды, ресурстарды мүлтіксіз шоғырландыруды, кең көлемде жұмсалатын күш-жігерді талап ететін, дағдарыстан кейінгі дамудағы ауқымды және күрделі міндеттерді шешуге бағытталуы керек.

Қауіпсіздік кеңесі, маңызды саяси орган ретінде, стратегиялық жоспарлау және тәуелсіз Қазақстанның одан әрі дамуындағы көкейкесті және анағұрлым іргелі проблемалар жөнінде саяси шешімдерді әзірлеуді өз міндетіне алуы тиіс.

Президент Қауіпсіздік кеңесінің қызметіндегі елеулі сапалық өзгерістерді жүзеге асырудың мәнділігін айқындайтын және оның құрылымын, тиісті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы мен үйлестіруді күшейте түсу қажеттігін нақты көрсетіп беріп, барлық қолда бар ақпараттық, ғылыми ресурстар мен басқарудың жаңа технологиясын анағұрлым белсенді пайдаланудың пайдалылығын атап өтті. Осыған байланысты Қауіпсіздік кеңесіне қарасты жаңа ақпараттық және талдау құрылымдары құрылатын болады.

Қауіпсіздік кеңесі жанындағы Ведомствоаралық комиссия мен Сараптама кеңесінің құрылымдық және практикалық қызметтерін қайта құрылымдау мәселесіне тиісінше назар аударылды. Қазіргі жағдайда нақты мақсатқа бағытталған, жеке жауапкершілік қағидатына негізделген жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі атап өтілді.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сондай-ақ еліміздің үкіметі әзірлеген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарының жобасы қаралып, талқыланды.

Мемлекет басшысы әңгіме ұлтты ірі көлемдегі, соның ішінде дағдарыстан кейінгі дамудағы нақты мақсаттар мен міндеттерде біріктіруге және жұмылдыруға шақыратын стратегиялық мәндегі құжат туралы екенін атап өтті. 2020-Стратегиясы маңызды жалпыәлемдік үрдіс тәрізді қазақстандық қоғам мен ұлттық экономикада ерекше мәнге ие екенін ескеру қажет.

Президент отырысқа қатысушылардың назарын Стратегиялық даму жоспарының мазмұндық қырларына және ұзақ мерзімді мақсаттарды нақты қалыптастырушы, тұрақтылықты қамтамасыз етуші міндеттерді шоғырландыруға және экономикалық өсімді баланстау мәселелеріне аударды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, экономикалық көрсеткіштердің қарапайым өсімі даму ұқсастығы емес, яғни экономикалық өсім кезінде нақты жаңғыру мен инновация болмауы мүмкін. Сондықтан тиісті іскерлік орта мен нақты ұлттық инновациялық жүйені құру қажеттігі өміршең болмақ, бұл әсіресе, Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының сапалы тетіктеріне назар аударуда маңызды.

Бәрінен бұрын, бұл экономиканы әртараптандыру мәселесіне қатысты. Бұл ретте Стратегия жобасында оны жүзеге асыру жолдары мен тетіктерін күшейту ұсынылған. Егер Қазақстан бұл міндеттерді шеше алмаса, онда дамыған елдер үшін шикізаттық қосалқы мәнге ие болуы мүмкін, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Стратегиялық жоспар ресурстар мен мүмкіндіктерді нақты бағалау, сондай-ақ барлық үнқатысулар мен қатерлерді ескере отырып, айқын қадамдар базасына негізделуі қажеттігін атап өтті. Құжат қазіргі әлемдегі күрделі жағдайларда Қазақстанның ұлттық мүдделерін тиімді алға жылжытуға бағытталуы тиіс.

Үкіметке Стратегиялық жоспарды тек қана экономикалық емес, сондай-ақ аталған құжаттың жұмылдырушы, саяси рөлін ескере отырып пысықтай түсу тапсырылды.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысы барысында Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық ету жөніндегі маңызды мәселе талқыланды.

Президент ЕҚЫҰ-на төрағалық ету қазіргі заманғы Қазақстан тарихында айрықша оқиға екенін атап өтті, бұл ТМД және батыс елдері үшін елеулі оқиға, жалпы бұл ЕҚЫҰ-ның өзгеруіндегі жағымды құбылыс.

Біздің еліміз тарапынан ЕҚЫҰ-на қазақстандық төрағалық мәртебеге ие болу үшін тиімді де үлкен жұмыстар жүргізілді. Қазіргі кезде маңызды басымдықтар айқындалды, нақты жолдар мен оларды жүзеге асыру тетіктері белгіленді. Сонымен қатар көптеген мәселе нақты назар аударуды және ЕҚЫҰ-ның стандарттары мен дәстүрлі элементтерін ескере отырып, үдемелі ауысып отыратын әлемдік жағдайларға байланысты одан әрі пысықтай түсуді талап етеді.

Президент қазақстандық төрағалықтың басты бір ерекшелігі жоғары деңгейдегі ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу екенін атап өтті (ЕҚЫҰ-ның саммиті соңғы рет Стамбұлда 1999 жылы 18-19 қарашада өткен).

Маңызды басымдық ЕҚЫҰ-ның кеңістігіне, әсіресе, Орталық Азияда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдау және нығайту болып табылады. Осы орайда, оңтүстік шекараны нығайтуға және Ауғанстанды дамытуға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

Сондай-ақ мемлекет басшысы кеңеске қатысушылар назарын ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық өлшемдерінің маңыздылығына және ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесін тарату жөніндегі шаралар кешенін өткізуге аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіміз біздің еліміздің жаңа сапалы деңгейі мен даму көрсеткіштеріне көтерілуді қамтамасыз етіп, Қазақстанның анағұрлым кемеліне келген, мықты және заманауи мемлекет болуына көмектесуі тиіс екенін атап көрсетті.

Қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша президент үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға барлық қаралған мәселелерді жүзеге асыру жөнінде нақты шараларды қабылдауды тапсырды.

Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуын бақылау Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығына жүктелді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны