22.05.2013, 10:39 4246

Елбасы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 26-шы пленарлық отырысына қатысты

Еліміздің жаһандық бәскеге қабілеттілігін арттырудың негізі болып табылатын Қазақстанның инновациялық дамуы Кеңес отырысының басты тақырыбына айналды.

Астана. 22-мамыр. Kazakhstan Today - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 26-шы пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Еліміздің жаһандық бәскеге қабілеттілігін арттырудың негізі болып табылатын Қазақстанның инновациялық дамуы Кеңес отырысының басты тақырыбына айналды.

Отырыс басталар алдында Мемлекет басшысы инновациялық көрмені аралап көрді.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде барлық мүшелері мен бақылаушыларға Кеңес жұмысына белсене қатысқандары, сондай-ақ оның тиімділігін арттыру жөнінде білдірген ұсыныстары үшін алғыс айтты.

"Бұдан 15 жыл бұрын Шетел инвесторлары кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Бұл Министрлер кабинетімен, Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитетпен және Еуропа қайта құру және даму банкімен ортақ кеңесулер барысында жүзеге асты. Кеңеске түрлі халықаралық компаниялардың басшыларын шақыру туралы шешім қабылданды. Содан бері 25 отырыс өтті. Құрылған кезінен бастап біздің Кеңестің құрамы айтарлықтай кеңейді. Және мен мұны заңды үдеріс деп санаймын. Ол Қазақстанға халықаралық бизнес-қоғамдастық тарапынан қызығушылықтың арта түскенін, шетелдік инвестицияның ұдайы келіп жатқанын көрсетеді", - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан өз сөзінде әлемнің белгілі сарапшыларының қатысуымен әзірленген 2020 жылға дейінгі инновациялық даму тұжырымдамасын қабылдағанын атап өтті.

"Ол қаражатпен қамтамасыз етілген және инвесторлармен маңызды жобаларды бірлесіп іске асыру арқылы біздің жеке инновациялық бастамалардың пайда болуын қарастыратын болады. "Жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасы біздің мемлекетіміздің дамуының жаңа кезеңін де айқындайды. Оны іске асыруға ұйытқы болатын шараның бірі - Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу", - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы осы стратегиялық маңызды құжаттарды өмірге табысты енгізу үшін бірқатар жүйелі шаралар қажет екенін атап өтті.

"Бірінші - білім беру жүйесін инновацияға қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге бейімдеу. Осы кеңеске қатысып отырған инвесторлардың көпшілігі білікті жұмыс күшінің жетіспеушілік проблемасымен бетпе-бет келді. Бізге халықаралық деңгейдегі құзыретке ие инженерлік және техникалық кадрлар даярлауға сұранысты қамтамасыз ету қажет. Оны бизнеспен бірге іске асыру қажет", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Екінші маңызды бағыт Қазақстанның ғылыми әлеуетін іске асыру болып табылады.

"Ғылым саласында жоғары оқу орындары негізгі роль атқарады. Егер 2010 жылы олар барлық ғылыми-техникалық бағдарламалардың 33 пайызын орындаса, ал бүгінде жоғары оқу орындары жобаларының 67 пайызы мақұлданған. Сондықтан жоғары оқу орындарында қолданбалы және ғылыми-зерттеу бөлімшелерін құруды жалғастыру қажет. Біз іргелі жаратылыс және нақты ғылымдар туралы ұмытпауға тиіспіз. Бұл бағыттар қысқа мерзімде табыс әкеле қоймайды, бірақ олар отандық өнер табыстың және жаңалықтың негізі болып табылады", - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев ғалымдардың серпінді ғылыми зерттеулерді және инновацияларды енгізгені үшін Ил-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықты бекіткені туралы шешімін жеткізді. Ол сыйлық жыл сайын жеті аталым бойынша берілетін болады.

Қазақстан Президенті үшінші шара ретінде инновацияға сұраныстың туындату қажеттігін белгіледі.

"Шетелдік инвесторлардың және жергілікті кәсіпорындардың зерттеулері мен әзірлемелеріне тапсырыстардың Қазақстанда болуын қамтамасыз ету қажет. Мүмкін, мұны заңнамамен бекіткен жөн шығар", - Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсетілген мәселелерді жүзеге асыру үшін ортақ міндет жүктеуді ұсынды.

"Мен оны "үш жетілік бастамасы" деп атар едім, өйткені оны жыл бойы бірлесіп жүзеге асыруға болады. Біріншісі, Қазақстанға кемінде әлемге аты әйгілі 7 ғалымды шақыру. Екіншісі, Қазақстанның 7 компаниясын жоғары технологиялық тапсырыстармен қамтамасыз ету. Үшіншісі, 7 инновациялық старт-апты құруға қолдау көрсету", - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бұл бастаманың орындалуын Кеңестің жұмыс тобы арқылы үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырды, сондай-ақ оның келесі отырысының тақырыбын ұсынды.

"2014 жылы Қазақстанның екінші өнеркәсіптік бесжылдығын іске асыруға шетел инвесторларының қатысуы мәселесін талқылаған жөн. Ол енді инновациялық-индустриялық сипат алады. Мен Үкіметке биылғы қарашаға дейін оның тұжырымдамасын әзірлеуді және келесі жылғы мамырға дейін - бағдарламаның өзін әзірлеп бітуді тапсырамын. Мен оны Кеңестің 2014 жылғы мамырдағы келесі отырысында сіздер мақұлдағаннан кейін бекіткім келеді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында отырысқа қатысушыларға табыс пен игілік тіледі.

Отырыс барысында Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти құттықтау сөз сөйледі және Премьер-Министрдің орынбасары Индустрия және жаңа технологиялар министрі Исет Исекешев Кеңес жұмысының өткен жылғы қорытындылары және еліміздегі инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселесі жөнінде баяндады.

Сонымен қатар, отырыс барысында "Азия даму банкі", "Еуразия табиғи ресурстар корпорациясы", "Бэйкер және Макензи", "Жинақбанк", "Би Джи Групп", "Дженерал Электрик", "Эксон Мобил", "Камеко", "ШЕЛЛ" және өзге де компаниялар басшылары сөз сөйледі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны