20.05.2015, 17:48 3604

Елбасы "Қазақстан темір жолы" АҚ президенті Асқар Маминді қабылдады

А.Мамин Мемлекет басшысына компанияныӊ қазіргі қызметі, оныӊ еншілес кәсіпорындарыныӊ тиімділігін арттыру шаралары, негізгі жобалардыӊ жүзеге асырылу барысы және алдағы кезеӊге арналған жоспарлары туралы баяндады

Астана. 20 Мамыр. Kazakhstan Today - А.Мамин Мемлекет басшысына компанияныӊ қазіргі қызметі, оныӊ еншілес кәсіпорындарыныӊ тиімділігін арттыру шаралары, негізгі жобалардыӊ жүзеге асырылу барысы және алдағы кезеӊге арналған жоспарлары туралы баяндады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Қазақстан Президенті елімізде іске асырылып жатқан "Нұрлы жол" бағдарламасыныӊ маӊыздылығына, оныӊ аясында ауқымды жұмыстар жоспарланғанына тоқталды.

- Астанадан шұғыла тәрізді тарайтын автокөлік жолдарын салу және қалпына келтіру мәселесін тұрақты бақылауда ұстау қажет. Бұл жұмыстар өндірушілерді техника мен құрылыс материалдарын жеткізу жөніндегі тапсырыстармен қамтамасыз ете отырып, мультипликативті әсерге ие болмақ. Бұл экономика үшін қиын уақытта оны дамытудыӊ драйверіне айналады. Біздіӊ еліміз Жібек жолыныӊ "экономикалық белдеуіне" кіретіндіктен, Қытай Халық Республикасы да қолдау көрсететін болады, - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы Астанада халықаралық қаржы орталығын құру ісі де көлік-логистика саласын дамыту жұмыстарын жүргізуді қажет ететінін айтты.

- Елорданы Дубай, Франкфурт, Гонконг сияқты жетекші қаржы орталықтарымен байланыстыру қажет. Азаматтық авиация саласында осыған дайындалып, жаӊа бағыттарды игерген жөн. Сонымен қатар біз ішкі рейстерді кеӊейту үшін авиакомпаниялар құруға тиіспіз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

"Қазақстан темір жолы" АҚ президенті "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында жаӊа теміржол, автомобиль магистральдарын салу, теӊіз порттары мен әуежайлардыӊ инфрақұрылымын қайта жөндеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды. Соныӊ ішінде ол Инфрақұрылымдық даму жоспарында межеленген бірқатар ірі жобалардыӊ жүзеге асырылуы туралы айтты. Батыс өӊірдіӊ көлік жүйесін дамыту мақсатында Ақтау теӊіз портын кеӊейтуге мүмкіндік беретін үш жаӊа жүк терминалы салынды. Боржақты - Ерсай теміржол желісі салынып жатыр.

А.Мамин Қазақстанды Еуразияныӊ көлік-логистика хабына айналдыру жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті күш-жігер жұмсалып жатқанын атап өтті. Сол үшін елдіӊ ішінде және шетелде логистикалық инфрақұрылым салу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Қытай - Қазақстан - Еуропа бағытында контейнерлік тасымал соӊғы үш жылдыӊ қорытындысы бойынша 15 есеге өседі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Үндістанға транзиттік тасымал ұйымдастыру мәселесі де пысықталуда.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны