01.03.2012, 14:09 22580

Елбасы Назарбаев Университетінде болды

Оқу орнын аралау барысында Президент студенттермен және оқытушылармен кездесіп, жоғары оқу орнының ғылыми-зерттеу зертханасы мен кітапханасын аралап көрді.

Астана. 1-наурыз. Kazakhstan Today - Елбасы Назарбаев Университетінде болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқу орнын аралау барысында Президент студенттермен және оқытушылармен кездесіп, жоғары оқу орнының ғылыми-зерттеу зертханасы мен кітапханасын аралап көрді.

Мемлекет басшысы универсиеттің кампусінде орналасқан студенттер жатақханасында болып, студенттер тұрып жатқан бөлмелерді аралады. Жатақхананың бөлмелері тұруға ыңғайлы, барлық қажетті жабдықтармен жарақтандырылған. Жатақхананың барлық ғимаратында студенттердің Интернет жүйесіне сымсыз қосылуы қарастырылған. Жатақхананың бірінші қабатында демалыс және спортпен айналысуға арналған орталық орналасқан.

Одан кейін Президент универсиеттегі жаңа зертхананы аралады. Мемлекет басшысы биология, молекулярлық биология және биохимия, биотехнология, микробиология бойынша зертханаларды, препараторлық және зарарсыздандыру бөлмелерін, оптика зертханасын, сондай-ақ химия, аналитикалық химия және химиялық заттарды синтездеу жөніндегі зертханаларды, физика, роботтехника және мехатроника, баламалы энергетика зертханаларын аралап көрді. Жас ғалымдар Мемлекет басшысына университеттің зертханасында жүзеге асырып жатқан жобалары туралы айтып берді. Жоғары оқу орнының 100-ге жуық оқытушысы мен ғалымдары - "Болашақ" бағдарламасының түлектері. Энергетикалық зерттеулер орталығы мен Өмір туралы ғылыми орталықтың зертханаларында ғалымдар тарапынан 40 ғылыми жоба бойынша зерттеулер жүргізілуде. Өмір туралы ғылыми орталықта 3 зертхана: геномдық және персоналдандырылған медицина, регенеративтік медицина және фармакокинетика жұмыс істейді. Сомасы 518,9 млн. теңгенің жобасы іске асырылуда. Энергетикалық зерттеулер орталығында - 6 зертхана: химия, IT, жаңартылатын энергетика және жетелі желілер, биотехнология және микробиология, механикаландырылған шеберханасы бар автоматтандырылған жобалау жүйесі бар. Сомасы 678,5 млн. теңгенің жобасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ Инженерлер мектебі және Ғылым мен технология мектебінің оқу зертханалары бар.

Мемлекет басшысы сондай-ақ университеттің кітапханасында болды. Қазіргі кезде кітапхана Қазақстандағы ең озық академиялық кітапхана болып табылады және республикадағы ең үлкен әрі ағылшын тіліндегі кітаптар, мерзімді басылымдар мен электрондық ресурстарға ие. Отыз мыңнан астам кітап қорына, сондай-ақ ғылыми және академиялық мәліметтер базасының (1 млн.-нан астам ғылыми мақалалар, журналдар, электрондық кітаптар) 32 коллекциясына қолжетімділікке ие. Кітапхана кітапты сканирлеу және цифрлау жөніндегі заманауи жабдықтармен, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі қолданушыларға арналған жабдықтармен жарақтандырылған. Оқырмандар үшін кітапханалық қоры бар оқу залы, 80 орындық компьютерлік зертхана жұмыс істейді.

Кітапхананы аралау барысында Мемлекет басшысына қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы таныстырылды. Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы 13 оқытушыдан тұрады. Бакалавриаттың 1 курсындағы студенттерге "Сөз өнері" курсы оқытылады. Бұл курс әдеби тіл нормаларын жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ "Бизнес қазақ тілі" интенсивті курсы өткізіледі. Бұл курста студенттер қазіргі заманғы іскерлік қарым-қатынас жүргізуді игереді. Екінші курста "Кәсіби қазақ тілі" курсы оқытылады.

Нұрсұлтан Назарбаев университеттің студенттерімен және оқытушыларымен әңгімелесу барысында "дамыған мемлекет пен артта қалған елдің арасындағы айырмашылық - бұл ғылым мен технология", - деп атап өтті.

"Біздің бәріміз еліміздің қуатты болғанын және дамығанын көргіміз келеді. Ғылымды игерсек - қуатты мемлекет боламыз, олай болмаса - артта қаламыз. Сондықтан біз ғылым мен білімге ерекше назар аударып отырмыз. Біз талантты жастарды "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқыттық, қазір олар елге келіп, жұмыс істеп жатыр. Енді біз бакалаврларды елімізде оқытамыз. Магистранттар мен PhD ізденушілерін де келешекте осында оқытуымыз мүмкін. Сіздерге үлкен үміт артамын. Сіздерде оқу үшін мүмкіндіктер бар, сол уақытты жіберіп алмаңдар, осы университеттен білім алып шығыңдар. Менің әртүрлі салаларда терең білімі бар интеллектуалды адамдарды көргім келеді. Біз жылдам дамитын және компьютерлік технология өзгеріп отыратын ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан біздің мемлекетте ғылым мен білімді дамытуға зор көңіл бөлінеді. Бұл келешектегі саясаттың мәселесі", - деп атап өтті Президент.

Студенттер Мемлекет басшысына оқу процесі туралы әңгімеледі және Қазақстанның жетекші университеттерінің бірінде оқып жатқандарына мүмкіндік жасап отырғаны үшін алғыстарын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаевқа университет кампусінің екінші кезегінің құрылыс жоспары таныстырылды. Құрылыстың екінші кезегіндегі участкенің аумағы 48,2 гектарды, ал ғимараттың жалпы аумағы 264 мың м2 құрайды. Бизнес және мемлекеттік саясат мектебін, тәртіпаралық зерттеу орталығын (факультеттік зерттеулер зертханасы), өмір туралы ғылыми орталықты, энергетикалық зерттеулер орталығын, студенттік жатақхана, профессторлық-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлер үшін тұрғын үй салу жоспарлануда.

Журналистерге арналған брифингте Мемлекет басшысы университет отандық білімнің негізі болып табылатынын атап өтті.

"Университет жаңаша жұмыс жүргізуде. Бұл жоғары оқу орнында әлімнің әр елінен келген профессорлар дәріс оқиды. Студенттер арасында Зияткерлік мектептердің түлектері көптеп саналады. Ең алдымен, олардың 46 пайызы қазақ тілінде орта білім алып, қазақ мектептерін бітіргендері қуантады. Бұл қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқу сапасының деңгейі өскенін білдіреді. Университет жанынан биология, инженерлік, химия, т.б. ғылыми мектептер жұмыс істейді. Келешекте әртүрлі саланың мамандарын даярлайтын жаңа мектептер ашу жоспарланып отыр. Түлектер әлемнің озық университеттерінде алатын білімді алып шығады және ғылыми технологияны өндіріске енгізеді. Олардың жұмыс тауып алулары үшін аталған университет жанынан технолоиялық парктер құрылатын болады. Онда ғылыми жобалар әзірленетін болады, ал одан кейін жас ғалымдар іскерлік топтармен бірге жаңа технологияны тәжірибеге енгізумен жұмыс істейтін болады. Бізге өзге елдермен теңесу үшін ғылымды игеру керек. Бұл универсиетті дамыту, басқа университеттердің осы оқу орнының деңгейіне жету үшін ұмтылуы - біз үшін маңызды міндет. Сондықтан біз білім мен ғылымға ерекше назар аударамыз. Ең қызығарлығы, мұнда оқытушылар, негізінен, "Болашақ" бағдарламасының түлектері", - деп атап өтті Президент.

Қазіргі уақытта "Назарбаев Университетінде" 942 студент, оның ішінде 482 - Foundation бағдарламасында, 460 студент - бакалавриаттың 1 курсында оқиды. Бакалавриат бағдарламасы бойынша оқытуды Инженерлік мектебі, Ғылым мен технология мектебі, сондай-ақ Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі жүргізуде. 2012-2013 оқу жылына Назарбаев Университетіне Қазақстанның барлық аймағынан 4178 талапкер тіркелген. Ал, басқа елдерден 45 өтініш түсті. Биылғы жылы "Назарбаев Университетінде" Foundation бағдарламасы бойынша жоғары білім алу үшін Қазақстан азаматтарына тағы 500 мемлекеттік грант бөлу жоспарланып отыр.

Университеттің серіктестері Гарвард университеті, Питтсбург университеті, Дьюк университеті, Ли Куан Ю мемлекеттік саясат мектебі, Висконсин-Мэдисон университеті, Лондон университеті, Берклидегі Лоренс ұлттық зертханасы, Аргон ұлттық зертханасы, айКарнеги, Пенсильвания университеті болып табылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны