26.05.2016, 16:43 4893

Елбасы Нобель сыйлығыныӊ лауреаттарымен және халықаралық ұйымдардыӊ басшыларымен кездесті

Мемлекет басшысы мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстардыӊ жоғары бағасы өткен күнніӊ еншісінде қалып бара жатқанын айтты,

Астана. 26 мамыр. Kazakhstan Today - Кездесуге Нобель сыйлығыныӊ лауреаттары Т.Сарджент, К.Писсаридес және Э.Прескотт, Еуропа қайта құру және даму банкініӊ президенті С.Чакрабарти, экономист, АҚШ Президенті Р.Рейганныӊ және Ұлыбритания Премьер-министрі М.Тэтчердіӊ бұрынғы кеӊесшісі А.Лаффер, Колумбия университеті Жер институтыныӊ директоры Д.Сакс, Массачусетс технология институтыныӊ экономика профессоры Д.Аджемоглу, Кембридж университетініӊ экономика профессоры Чанг Ха-Джун, экономист Хунбин Сун, "Boston Consulting Group" директорлар кеӊесініӊ төрағасы Х.-П.Бюркнер, JP Morgan Chase International директорлар кеӊесініӊ төрағасы Д.Френкель қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Мемлекет басшысы мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстардыӊ жоғары бағасы өткен күнніӊ еншісінде қалып бара жатқанын айтты, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

- Қазақстан сияқты мемлекет үшін бұл зор сын-қатер. Мұндай ахуал дамудыӊ балама жолдарын іздеуге мәжбүрлейтіндіктен, мұныӊ оӊды тұсы да бар. Ешбір ел мұнай мен газ есебінен ғана жоғары деӊгейде қала алған жоқ. Бізге экономикамызды әртараптандыру үшін қаражаттыӊ қажетті көлемін жинақтау керек болды, біз солай істедік. Ал соӊғы алты жыл бойында біз өӊдеуші өнеркәсіптіӊ үлесін арттыру үшін елді индустрияландыру ісін белсене жүргізіп жатырмыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті жаһандық дамудағы қарқынды өзгерістерге назар аударды.

- Бүгінде әлемдік капиталдыӊ ширек бөлігін "сандық" экономика құрайды, "жасыл" технологиялар үдетіле түсуде. Илемде іштен жану двигателініӊ заманы өтіп бара жатқаны туралы айта бастады, электромобильдер сатып алушылардыӊ қатары қарқынды түрде артып келеді. Осындай ауқымды өзгерістер нақты шындыққа айналып, адамдардыӊ қиялына қозғау салуда. Ақпараттық теӊсіздік ұлғаюда, дүниеніӊ бір мүйісінде сандық нейрохирургия қалыптастыру туралы ойластырып жатқанда, екінші мүйісіндегі адамдар әлі компьютерді де көрген жоқ, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық экономика жағымсыз геосаяси ықпалдардыӊ қысымына ұшырап жатқанын да айтты.

- Бұлардыӊ қатарына әскери қимылдарды, босқындар легін, террорлық актілерді, санкциялық текетірестерді қосуға болады. Бұл ретте жаӊа экономикалық жағдай сын-қатерлермен бірге мүмкіндіктер көзіне де жол ашады. Кім пайдалана білсе, сол ұтады, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жаһандық дамудыӊ қазіргі сатысында әлемдік деӊгейдегі сарапшылардыӊ пікірініӊ айрықша мәні бар екенін айтты.

- Бүгінде халықаралық аренадағы өзара сенім жоғалып барады, бұл - тепе-теӊдік үшін қауіпті үрдіс. Осыныӊ бәрі қақтығыс қатеріне әкелуі мүмкін. Сондықтан мен БҰҰ мінберінен барлық елді қақтығыссыз әлем қалыптастыруға күш жұмылдыруға шақырдым. Біздіӊ міндетіміз - жер бетінде орнықты әрі тұрақты дамуды қамтамасыз ету, прогресс үшін озық шешімдер әзірлеу. Дағдарыс - өзгерістер кезеӊі. Адамзат ортақ күш-жігер мен пікір алмасулар арқылы бұл жағдайдан шығудыӊ шешімін табатынына сенімдімін. Бұған төртінші индустриялық революция арқылы, 15-20 жылдан кейін әлемді өзгертетін мүлде жаӊа технологияларды енгізу арқылы қол жеткізілуі мүмкін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесуге қатысушылар жаһандық саяси және экономикалық дамуға, ақша-валюта жүйесініӊ перспективаларына қатысты көзқарастарын білдіріп, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге байланысты өз ойларын ортаға салды. Олар біздіӊ елде жүзеге асырылып жатқан, Қазақстанды жан-жақты дамытуға ықпал етуі тиіс реформаларға қатысты алған әсерлерін де айтып берді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны