24.02.2016, 17:30 4370

Елбасы Республикалық бюджеттіӊ орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетініӊ төрағасы Қозы-Көрпеш Жаӊбыршинді қабылдады

Қ.Жаӊбыршин Мемлекет басшысына Есеп комитетініӊ 2015 жылғы жұмысыныӊ негізгі нәтижелері, бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалануда үнемі кездесетін проблемалар, сондай-ақ алдағы кезеӊге арналған міндеттер туралы баяндады

Астана. 24 ақпан. Kazakhstan Today - Қ.Жаӊбыршин Мемлекет басшысына Есеп комитетініӊ 2015 жылғы жұмысыныӊ негізгі нәтижелері, бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалануда үнемі кездесетін проблемалар, сондай-ақ алдағы кезеӊге арналған міндеттер туралы баяндады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігіні? тілшісі.

Қазақстан Президенті былтыр қабылданған "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" заӊныӊ жүзеге асырылуын және мемлекеттік аудитке тиімді түрде көшуді қамтамасыз етуді тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев бұған қажетті жағдайлар жасалғанын, Комитет мәртебесі көтеріліп, мақсаттарыныӊ аясы кеӊейтілгенін, тиісті мамандарды қайта даярлау жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы аудиттіӊ қаржы мәселелерін ғана емес, орган қызметініӊ тиімділігін барлық бағытта бағалауды да қамтуы тиістігіне назар аударды.

Қ.Жаӊбыршин былтыр Есеп комитеті 303 нысанда 29 бақылау шарасы жүргізгенін мәлімдеді. Анықталған қаржылық заӊ бұзушылықтар құныныӊ көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 3 есе ұлғайып, 1,3 триллион теӊге болған. Бақылау шараларыныӊ нәтижесі бойынша орны толтырылуға тиіс 128,8 миллиард теӊгеніӊ 87,2 миллиард теӊгесі өтелген.

Есеп комитетініӊ төрағасы жүргізілген тексерулер мен бақылау-талдау шаралары қорытындысы бойынша Үкіметке және басқа да бақылау нысандарына 46 ұсыным мен 180 тапсырма жолданғанын айтты. Бұл орайда ұсынымдар мен тапсырмалардыӊ орындалуы тиісінше 98% және 95,8% болды.

Қ.Жаӊбыршин бюджеттік және басқа заӊнамаларды бұзғаны үшін 75 заӊды тұлға және 66 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке, 271 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Құқық қорғау органдарына бақылау шараларына қатысты 40 материал берілді.

Есеп комитетініӊ төрағасы Астана және Алматы қалаларыныӊ, сондай-ақ облыстардыӊ ревизиялық комиссияларыныӊ 2015 жылғы қызметініӊ негізгі нәтижелері туралы да баяндады.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қызметін жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны