24.06.2014, 20:49 3854

Елбасы ШҚО кәсіпкерлерімен кездесті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысының жұртшылық өкілдерімен және кәсіпкерлерімен кездесті, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы. 24 маусым. Kazakhstan today. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысының жұртшылық өкілдерімен және кәсіпкерлерімен кездесті, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысы еліміздің бірегей өнім түрлерін өндіретін ірі өнеркәсіптік өңірінің бірі екендігіне тоқталды.

"Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуына байланысты өңір кәсіпорындарының алдынан жаңа нарық ашылуда. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға зор көңіл бөлінуде. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы қарыштап ілгерілеуде. Облыста майлы дақылдардың төрттен бірі өндіріледі, ет пен сүт өндіруден жетекші орында", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бүкіл республика бойынша басымдыққа ие шағын және орта бизнес секторының бұл өңірде қарқынды дамып келе жатқандығына тоқталды.

"Шағын және орта кәсіпорындар шығаратын өнімдердің көлемі екі жарым есеге ұлғайды, барлық жұмыс істейтіндердің үштен бірі осы салада қамтылған. Бұл өте маңызды, өйткені экономикаға негізгі табысты ірі кәсіпорындар әкеледі, бірақ олар барлығын жұмыс орнымен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан бұл тұста нақ осы шағын бизнес баға жетпес рөл атқарады", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев шағын кәсіпкерліктің дамуы орта тапты қалыптастыра отырып, экономикалық қана емес, әлеуметтік жүйенің де тұрақтылығын қамтамасыз ететінін айтты.

Қазақстан Президенті өңірде әлеуметтік сала жақсы дамып келе жатқандығына назар аударды.

"Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының өмір жасының орташа ұзақтығы жетпіс жасқа дейін ұзарды, туу көрсеткіші 41 пайызға өсті. Бұл - тұрмыс деңгейі көтерілгендігінің, денсаулық сақтау саласы халық үшін тиісті деңгейде жұмыс істеп жатқандығының айғағы", - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан үшін айрықша өзекті экологиялық ахуалды жақсарту жұмыстарын да атап өтті.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті баса ден қоюды қажет ететін бірқатар бағыттарға да тоқталды.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы облыста түсті металдардың негізгі қоры шоғырланғанына және оны игеру мен экономикалық айналымға тарту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажеттігіне назар аударды.

Қазақстан Президенті өнеркәсіптік бесжылдық аясында іске қосылған нысандарды толық пайдалану қажеттігін де атап көрсетті.

"Икімдіктердің барлығы жобаларды өз аумағына тартқысы келеді, бірақ жаңа өндірістік нысандардың қажетті болуын және олар нарықта сұранысқа ие өнім шығаруға тиіс екендігін ескерген жөн. Биыл іске қосылған барлық нысандардың жұмысын қамтамасыз ету керек", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы аграрлық секторды қолдау үшін көптеген елдердің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қолы жете бермейтін түрлі мүмкіндіктер ұсынылып жатқанына назар аударды. Оларды өз деңгейінде пайдаланбауға болмайды.

Қазақстан Президенті апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуді және денсаулық нысандарының құрылысы кестесін мүлтіксіз сақтауды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы нарықтардағы тұрақсыздық жағдайында экономиканы әртараптандыру, ішкі резервтерді пайдалана отырып, дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеу мәселелеріне ерекше тиянақтылықпен қарау керектігін айтты.

Бұл орайда кадрлық және ғылыми әлеуетті дамыту шешуші маңызға ие болмақ.

"Өңірде жақсы ғылыми-ағартушылық база бар, бірақ оның нақты сектормен өзара іс-қимылын күшейту керек. Ғылым еңбек өнімділігін арттыруға қызмет етуге тиіс, инновацияның мәні де осында жатыр. Жаңа технологиялар әлемде қарқынды түрде енгізілуде, біз де қалыспауға тиіспіз", - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық салаларда - бизнес жүргізуде, ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыруда, тұрғын үй құрылысында, оқуда, медицинада, мәдениетте теңдессіз шарттар ұсынылып отырғандығын атап өтті. Тек тұрғындар тарапынан бастамашылық қажет, ол үшін тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны