27.09.2011, 17:41 3738

Елбасы "СИТИК Групп" компаниясының президентін қабылдады

ҚазАқпарат агенттігінің елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Астана. 27-қыркүйек. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "СИТИК Групп" компаниясының президенті Тянь Гуолиді қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

ҚазАқпарат агенттігінің елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

"Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Барлық жерде де құрылыс алаңдарын, құрылыс мұнараларын көрдік. Бұл қазақстандық экономиканың серпінді дамып отырғандығының белгісі. Бұл Қытайда реформалар мен ашықтық саясаты басталған, қытай экономикасы шапшаң дами бастаған кезді еске түсіреді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен, Премьер-Министрмен, министрлермен, қазақстандық кәсіпорындардың басшыларымен кездесу кезінде олардың Қазақстан экономикасының тамаша болашағына деген сенімдерін байқадым. Біз қазір қазақстандық әріптестерімізбен бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асырудамыз, мәселен, "Қаражамбас" кенішін игеріп жатырмыз. "Ситик" компаниясы ірі мемлекеттік әртарапты корпорация. Мұнайдан басқа біз қаржы мәселелерімен, ауыр машина жасау, мұнай-химия өнеркәсібімен айналысамыз. Біз Қазақстанның шикізаттық емес секторымен ынтымақтастықты дамыту тұтастай алғанда қазақстандық экономиканың дамуына жол ашады деп санаймыз. Біз сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен қазақстандық әріптестерімізбен бірлесе отырып, битум зауыты жобасын жүзеге асырып отырмыз. Осы зауытты пайдалануға бергеннен кейін Қазақстан енді битумды сырттан импорттамайтын болады. Біз сондай-ақ "Самұрық-Қазынамен" бірлескен инвестициялық қор құрдық. "Ситик-Қазына" бірлескен инвестициялық қорының құрылуы мақсаты - Қазақстанда және Қытайда ғана емес, бүкіл әлемде перспективалы инвестициялық жобаларды іздестіру. Менің сапар кезіндегі байқағаным, Қазақстанда қазір шетелдік инвестициялар үшін жақсы заңдық база жасалған. Біздің мемлекеттеріміз арасында өте жақсы саяси қатынастар, халықтарымыз арасында ежелден тату және жылы шырайлы көршілік қарым-қатынастар орныққан. Мұның бәрі біздің бірлескен инвестицияларымызды алға жылжытуға қызмет етеді", - деді Т.Гуоли журналистерге арналған брифингіде.

"Қазірдің өзінде қалыптасып қалған Қазақстанның "Ситик" компаниясымен ынтымақтастығы негізінде, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен біз енді шикізаттық емес секторда, сондай-ақ мұнай өңдеуде және экономиканың басқа да секторларында ынтымақтастығымызды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда "Ситик" Қазақстанда "Қаражамбас" кенішін игеру жобасымен жұмыс жасауда, сондай-ақ Қазақстанның көліктік инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті битум өндірісі үшін мұнай кеніштерін пайдалану жұмыстары жүргізілуде. Болашақта біз салып жатқан битум зауыты Қазақстанға импорттың көп бөлігін жабатын болады. Сондай-ақ Қазақстанға сапарымыз кезінде туристік тұрғыдан қызығушылық тудырған бірқатар нысандарда болдық", - деді "СИТИК Групп" компаниясының вице-президенті Ми Цзэньсинь журналистерге арналған брифингіде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны