30.06.2016, 14:45 7494

Елбасы "Тұлпар-Тальго" ЖШС-ныӊ жолаушылар вагонын шығаратын зауытында болды

Нұрсұлтан Назарбаев зауыттыӊ индустриялық паркі жұмысымен танысты, сондай-ақ жолаушылар вагоныныӊ бірін көрді

Астана. 30 маусым. Kazakhstan Today - Нұрсұлтан Назарбаев зауыттыӊ индустриялық паркі жұмысымен танысты, сондай-ақ жолаушылар вагоныныӊ бірін көрді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Қазақстан Президентіне теміржол машиналарын жасау саласыныӊ өсім қарқыны мен жүрдек қозғалысты дамыту бағдарламасы туралы баяндалды, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы елдіӊ көлік жүйесініӊ тиімділігін арттыру үшін өндірісті одан әрі ұлғайту қажеттігін айтты.

- Бүгін Астанада индустриялық даму бағдарламасын жүзеге асыру кезінде салынған бірқатар нысанда болдым. Құрылысы жөнінде Испания Королі Хуан Карлоспен көп жыл бұрын мен келіскен Тальго вагондарын шығару зауытыныӊ өнімдері елімізде кеӊінен пайдаланыла бастады. Біз теміржол саласы үшін электровоздар мен тепловоздар ғана емес, заманауи жүк және жолаушылар вагондарын да жасаймыз. Қазір олар түрлі бағыттарда жолаушы таситын жүрдек пойыздарда пайдаланылады. Жалпы, Астананыӊ индустриялық паркі қарқынды дамып келеді. Біз осы технологиялық паркке инвестиция тартып, жобаларды табысты жүзеге асыру үшін жағдай жасап жатырмыз. Соныӊ арқасында қала экономикасы дамып, жыл сайын бюджет түсімдері ұлғайып келеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

***

Кәсіпорынныӊ өндірістік орынжайларыныӊ жалпы аумағы

- 31 мыӊ шаршы метр, өндірістік қуаты - жылына 150 вагон. Еуропалық сапа стандарттарына сай озық технологиялар мен материалдарды қолдану пойыздыӊ сағатына 200 шақырымға дейінгі жылдамдықпен жүруін қамтамасыз етеді. Вагондардыӊ пайдаланылу мерзімі - 40 жыл.

2012-2015 жылдар аралығында "Жолаушылар тасымалы" АҚ үшін 436 вагон жасалып, жеткізілді. 2015 жылы шанағыныӊ ені кеӊейтілген вагондар өндірісі қолға алынды. 2020 жылға дейін осындай сериялы 603 вагон шығару жоспарланған.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны