18.02.2016, 19:03 4112

Елбасы Түрік Республикасыныӊ Президенті Режеп Тайип Ердоғанға Анкара қаласында болған террорлық актіге байланысты көӊіл айту жеделхатын жолдады

Жеделхатта көптеген жазықсыз адамдардыӊ қаза болуына, жарақаттануына әкеп соқтырған жантүршігерлік оқиға туралы суыт хабардыӊ қазақстандықтарды бей-жай қалдырмағаны айтылған

Астана. 18 ақпан. Kazakhstan Today - Жеделхатта көптеген жазықсыз адамдардыӊ қаза болуына, жарақаттануына әкеп соқтырған жантүршігерлік оқиға туралы суыт хабардыӊ қазақстандықтарды бей-жай қалдырмағаны айтылған, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас елдеріміз үшін мұныӊ ортақ қайғы екенін атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы болған оқиғаға алаӊдаушылығын білдіріп, барша қазақстандықтар атынан түрік халқына қолдау сөзін жеткізуді өтінді, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

"Қазақстан терроризмніӊ кез келген түрін, оныӊ күрес тәсілдері мен жолдарын қатаӊ айыптайды. Қандай мақсатта болса да, жазықсыз қан төгуді еш ақтауға болмайды. Заманауи сын-қатерлер өршіп тұрған аумалы-төкпелі кезеӊде біз Түркиямен бірге халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға дайынбыз", - делінген жеделхатта.

Мемлекет басшысы жеке өзініӊ және Қазақстан халқыныӊ атынан Р.Ердоғанға, қаза болғандар мен зардап шеккендердіӊ туған-туыстары мен барлық түрік ағайындарға көӊіл айтты. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев жарақат алғандардыӊ тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектестік білдірді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны