11.04.2012, 09:36 3478

Елбасы Ұлттық Банктің 2011 жылғы есебі қаралған кеңес өткізді

Кеңеске Президент Икімшілігінің Басшысы А.Мусин, Ұлттық Банк Төрағасы Г.Марченко, Премьер-Министрдің орынбасары Қ.Келімбетов, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев, Президент Икімшілігі Басшысының орынбасары Б.Сұлтанов, Қаржы министрі Б.Жәмішев, Экономикалық даму және сауда министрі Б.Сағынтаев, Ұлттық Банк басшылығы, сондай-ақ Ұлттық Банктің қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен бақылау комитетінің басшысы қатысты.

Астана. 11-сәуір. Kazakhstan Today - Кеше мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Банктің 2011 жылғы есебі қаралған кеңес өткізді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Кеңеске Президент Икімшілігінің Басшысы А.Мусин, Ұлттық Банк Төрағасы Г.Марченко, Премьер-Министрдің орынбасары Қ.Келімбетов, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев, Президент Икімшілігі Басшысының орынбасары Б.Сұлтанов, Қаржы министрі Б.Жәмішев, Экономикалық даму және сауда министрі Б.Сағынтаев, Ұлттық Банк басшылығы, сондай-ақ Ұлттық Банктің қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен бақылау комитетінің басшысы қатысты.

"Жалпы, әлемдік нарықтағы аумалы-төкпелі жағдайға қарамастан, өткен жыл біз үшін белгілі дәрежеде жемісті болды. Қазақстандық экспорттың негізгі баптарына қолайлы баға конъюнктурасының және экономиканы әртараптандыру мен ішкі сұранысты кеңейту бойынша мемлекеттік қолдау шараларының оң экономикалық әсерінің нәтижесінде жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны, соңғы үш жыл ішінде ең жоғары деңгейге жетіп, жедел мәліметтерге сәйкес, 7,5 пайызды құрады", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы әлемдік экономика мен қаржы жүйесіндегі қауіп-қатерлер сақталып отырғанына тоқталды.

"Тіпті, АҚШ тәрізді, экономикасы дамыған елдің рейтингісі "ААА" деңгейінен "АА+" деңгейіне дейін төмендеген. Еуроодақта да проблемалар жалғасын табуда. Осының барлығының біздің еліміздің қаржы жүйесіне қатысы болмақ. Сыртқы несие нарығының тарылуының негізгі салдары біздің банктердің сыртқы қор жасау тәуелділігінің төмендеуіне әкелді. Бір жағынан бұл жақсы, өйткені біз бұдан бұрынғы дағдарыс кезеңінде осыдан зардап шектік. Орталық банктің қолдауы есебінен күнелтетін бірқатар еуропалық банктердегі жағдайдың күрделілігі туралы біле отырып, біздің банктік жүйеге сыртқы қаржыландыру көздерінің ұлғаюын күтуге болмайды. Ішкі резервтерді іздестіру қажет", - деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы банктердің несие қоржынының сапасының төмендігіне және несиелік белсенділіктің төмендігіне назар аударды.

"Үкіметпен бірлесіп отандық банктердің жұмысын ынталандыру және жандандыру қажет. Сонымен бірге, қайта құрылымдау жүргізілген "БТА Банк" және "Альянс Банк" сияқты банктердегі жағдайды тұрақтандыру керек", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Г.Марченко Президентке Ұлттық Банктің инфляция процестерін бақылау және айырбас бағамының саясаты жөніндегі қызметі туралы баяндады. Ұлттық Банктің есебін таныстыра отырып, Г.Марченко 2011 жыл барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Қазақстан үшін жақсы жыл болғанын атап өтті.

Кеңестің қорытындысы бойынша Президент тарапынан айырбас бағамы саясатына, инфляцияны болжанған дәлізді ұстау қажеттігіне және зейнетақы қорларын реттеуге қатысты нақты тапсырмалар берілді.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысы Ұлттық қор активтерін басқару, сақтандыру нарығын дамыту және Кедендік одаққа мүше елдердің ақша-несие саясатындағы қызметін үйлестіру мәселелеріне назар аударды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны