23.12.2011, 10:24 3524

Елбасы Жаңаөзен тұрғындарымен кездесті

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтау қаласында Президент облыс активінің, көрнекті жұртшылық, зиялы қауым өкілдерімен, мұнай компаниялары еңбек ұжымдарының өкілдерінің қатысуымен Жаңаөзен қаласында орын алған қайғылы оқиға мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Ақтау. 23-желтоқсан. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтау қаласында Президент облыс активінің, көрнекті жұртшылық, зиялы қауым өкілдерімен, мұнай компаниялары еңбек ұжымдарының өкілдерінің қатысуымен Жаңаөзен қаласында орын алған қайғылы оқиға мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Жаңаөзен қаласын қалпына келтіру, қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, сондай-ақ жұмыстан босатылған еңбеккерлерді жұмысқа орналастыру жөнінде барлық шараның қабылданатынын атап өтті. Сонымен қатар, Президент Қазақстанның барлық заңдылықтарының мүлтіксіз сақталуы қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы облыс активіне жаңа әкімді таныстырды. Маңғыстау облыстық мәслихатының келісімімен облыс әкімі қызметіне Бауыржан Мұхамеджанов тағайындалды.

Президент Қырымбек Көшербаевқа жемісті жұмысы үшін ризашылығын білдіріп, өңірдің соңғы бірнеше жылдағы ірі экономикалық табыстарын атап өтті.

Президент өзінің тапсырмасы бойынша құрылған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев басқаратын Үкіметтік арнайы комиссия Маңғыстау облысында болып, тұрғындармен кездесулер өткізіп, жергілікті жердегі жағдайды жан-жақты зерттегеніне тоқталды. Үкімет тарапынан Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктің салдарларын жою және қаланы қалпына келтіру жөніндегі арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы мақсат үшін Үкімет тарапынан 3 млрд. теңгеден астам сомада қаражат бөлінді. Зардап шеккен жеке меншік нысандарын қалпына келтіру үшін бюджеттен тыс қаражат тарту қарастырылуда.

Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласындағы жағдай тұрақтанды. Басқару органдары қалыпты режимде жұмыс істеуде.

Мемлекет басшысы атап өткендей, жаппай тәртіпсіздіктің туындауының басты себебі бұзақы топтың іс-әрекеті болды. Олар жұмыстан босатылған еңбеккерлер мен "Өзенмұнайгаз" компаниясы басшылығының арасындағы еңбек шиеленісінің көпке созылғанын пайдаланған.

"Үкімет, "Самұрық-Қазына" Қоры, "ҚазМұнайГаз" компаниясы еңбек дауын дер кезінде шешу жөніндегі менің тапсырмамды орындамаған. Өкінішке орай, олар бұл мәселені шешуге қабілетсіз болып шықты. Ұлттық компания мен оның еншілес құрылымдарының басшылары арасында кездейсоқ адамдар көп болып шықты. Мұның бәрі менеджмент тиімділігінің төмендеуіне әкеліп соқты. Сондықтан мен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының жаңа басшысы етіп Ләззат Қиыновты, ал "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" компаниясының басшысы етіп Алик Айдарбаевты тағайындаймын", - деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметке қазіргі жағдайда уәкілетті үкіметтік құрылымның, "ҚазМұнайГаз" компаниясының іс-қимылын жан-жақты зерттеуді және кінәлілерді жазалау, сондай-ақ "ҚазМұнайГаз" компаниясының басқару жүйесін реформалау жөнінде нақты ұсыныстар беруді тапсырды.

Кеңестің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы уәкілетті мемлекеттік органдардың алдында Жаңаөзен қаласындағы жағдайды қалпына келтіру жөнінде барлық қажетті шараны қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұрғанын атап көрсетті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Жаңаөзен қаласында болып, қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев жаппай тәртіпсіздіктер барысында қиратылған нысандарда болып, қала тұрғындарымен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесті.

Одан кейін еліміздің Президенті қала активімен, мұнай ұйымдары еңбек ұжымының өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы қазақстандық қоғамның басты құндылығы - тәуелсіздік, бейбітшілік және келісім екенін атап өтті.

"Бұдан 20 жыл бұрын біз халқымыздың тарихында алғаш рет тәуелсіздік алдық. Біз осы қасиетті құндылықты қадірлей білуіміз керек. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы күнгі жаппай тәртіпсіздікті халқымыз айыптауда. Шахтерлер, металлургтер, еңбек ұжымдары еліміз бойынша тәртіпсіздікті айыптап отыр", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу барысында Л. Қиынов сөз сөйледі. Ол босатылған еңбеккерлерді жұмысқа орналастыруды қоса алғанда, барлық проблема жуық арада шешімін табатынына сенім білдірді. А. Айдарбаев Президенттің барлық тапсырмасы қысқа мерзімде орындалатынын атап өтті. "Нұрлы көш" мемлекеттік бағдарламасы бойынша көшіп келген, қалалық отандастар бірлестігінің төрағасы С. Мұқашев: "Нұрсұлтан Ибішұлы, Сіз өзінің тарихи Отанына көшіп келіп жатқан біздің отандастарымызға өз көмегіңізді көрсетіп келесіз. Біз Сізге еңбегіңіз үшін, осындай кезде қолдау көрсетіп, барлық проблеманы шешу үшін келіп отырғаныңызға ризамыз", - деді.

Мемлекет басшысы қоғамдағы бейбітшілік пен келісім - қазақстандықтардың басты құндылығы екенін атап өтті. Маңғыстау - ғасырлар бойы дәстүрлер сақталып келген, ежелден қазақтар үшін тұрақтылық, бейбітшлік пен келісім қорғанына айналған жер.

"Егер бізде бейбітшілік пен келісім болатын болса, онда біздің балаларымыз бақытты болады. Ұлы Абайдың сөзін ұмытпаңыздар, халықтың бірлігі - біздің ең басты құндылығымыз", - деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметке Жаңаөзен қаласындағы қиратылған нысандарды жедел түрде қалпына келтіру және қала тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін барлық ұйымдастыру, қаржылық мәселелерін барынша қысқа мерзімде шешуді жүктеді. Мемлекет басшысы еліміздің өзге өңірлері қаланың қираған нысандарын қалпына келтіруге көмек көрсететініне сенім білдірді. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев отандық бизнесмендер қираған нысандарды қалпына келтіруге және қаланы абаттандыруға көмек көрсететінін атап өтті.

Президент атап өткендей, Үкімет, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының құрылымдық бөлімшелеріне заңды тұлға мәртебесін бере отырып Қор құрамынан шығару жөнінде шешім қабылдаулары керек. Бұл олардың еңбек ұжымдарының әлеуметтік мәселелерін жедел шешулері үшін қажет.

Мемлекет басшысы Өмірзақ Шөкеев басқаратын Үкіметтік комиссияға "Өзенмұнайгаз" компаниясының жұмысшылары мен Жаңаөзен қаласының тұрғындарының наразылығын тудырған барлық себепті анықтап, оны жою жөніндегі ұсыныстарды екі апта мерзімде енгізуді тапсырды.

Президент әрбір жаңаөзендіктің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған кәсіпорындардың біріне жұмысқа орналасуына мүмкіндік барын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша қылмыстық істердің тергелуі жөніндегі барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды. Жаппай тәртіпсіздікке кінәлілер мен жаншал шығарушыларды табу, іздестіру жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Бұл ретте тергеу барысы Маңғыстау облысының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев басқаратын қоғамдық комиссияны қатыстыра отырып, ашық және жария түрде жүргізілуі тиіс.

Президент атап өткендей, сарапшылардың басым көпшілігінің, оның ішінде шетелдік сарапшылар да Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктер "правокациялық сипатта жоспарланған, жан-жақты ұйымдастырылған және өтетін уақытына дейін белгіленген акция" деген пікір білдірген. Жалпы, шетелде аталған жағдайға байланысты, сондай-ақ оны шешу жөніндегі мемлекеттік органдардың іс-қимылы туралы объективтік түсінік бар.

Қорыта келгенде, Мемлекет басшысы Жаңаөзендегі трагедия еліміздің барлық азаматтары үшін ортақ екенін атап өтті. Барша қазақстандықтар тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардың әрекеттерін бірауыздан айыптауда. Жаңаөзенде орын алған оқиға қазақстандық қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін нығайта түсудің маңыздылығын анық көрсетті. Бүгінде іс жүзінде әлемнің бірде-бір елі жаhандық экономикалық дағдарыстың болып көрмеген салдарларынан орын алған жаппай тәртіпсіздіктерден құтыла алған жоқ.

"Қазақстандықтардың бірлігінің, үдемелі әлеуметтік-экономикалық саясаттың арқасында, Жаңаөзенде қалыпты өмірді қалпына келтіру үшін бізде барлық қажетті жұмыстарды барынша қысқа мерзімде жүргізу үшін барлық мүмкіндіктер бар. Осыған байланысты барлық мемлекеттік органдарға бірлескен және үйлестірілген жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырамын. Барлық іс жылдам және барынша қысқа мерзімде жүргізілуі тиіс. Мен оның жүзеге асырылу барысын жеке бақылауымда ұстаймын, - деді Мемлекет басшысы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны