21.12.2011, 13:52 3032

Елбасы жұмыс сапары аясында ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты

Сессия барысында Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары ҰҚШҰ-ға мүше елдердің қауіпсіздігі үшін, Ұйымның қызметін одан әрі жетілдіруге және еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі ретінде оның рөлін орнықтыруға қатысты стратегиялық мәні бар кешенді мәселелерді талқылады.

Мәскеу. 21-желтоқсан. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары аясында ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сессия барысында Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары ҰҚШҰ-ға мүше елдердің қауіпсіздігі үшін, Ұйымның қызметін одан әрі жетілдіруге және еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі ретінде оның рөлін орнықтыруға қатысты стратегиялық мәні бар кешенді мәселелерді талқылады.

Мемлекет басшылары 2011 жылғы 12-13 тамызда Астанада өткен Ұйымға мүше елдердің мемлекет басшыларының бейресми кездесуінде қол жеткізілген келісімдер тұрғысынан Ұйымның әлеуетін арттыру және бірігуінің мәселелерін талқылады. Елдердің көшбасшылары әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты оңтайландыру, төтенше жағдайларды елеу, ақпараттық қауіпсіздік, наркотрафикке және терроризмге қарсы күрес тақырыптарын қарастырды.

ҰҚШҰ барлық жарғылық органдары бойынша Төрағалық ету Беларусьтен Қазақстанға өтті.

"Қазақстан ҰҚШҰ-ның Төрағасы ретінде біздің Ұйымның үдемелі дамуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға күш салады. Біз басымдықтар ретіндегі өз ұсыныстарымызды мемлекет басшыларына бердік. Біз алдағы жылы сол бойынша жұмыс жүргіземіз. Ең алдымен, ҰҚШҰ аясында бүгін қабылданған шешімдерді іске асыруға жұмыла кірісуіміз қажет. Біз шағын құрамда жемісті талқылаулар өткіздік. Біз өзекті мәселелерді талқыладық. Біздің кездесуіміздің ең маңызды қорытындысы ҰҚШҰ мүше болып табылмайтын мемлекеттердің әскери құрылымдарының нысандарын ҰҚШҰ-ға мүше елдердің аумағында орналастыру мәселелерін келісу туралы уағдаластықтар болды. Ендігі уақытта ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында үшінші елдің әскери базасын орналастыру үшін оның барлық мүшелерінің ресми келісімін алу қажет. Мұндай ұсынысқа ҰҚШҰ-ға мүше елдердің барлығы келісті. Бұл Ұйымның бірлігін жарқын құптау, оның мүшелерінің одақтастық қатынастарды қатаң құптау болып табылады. Сонымен қатар, біздің тарапымыздан Ұжымдық жедел әрекет ету күштерін (ҰЖИК) жарақтандыру, ҰЖИК құрамындағы арнайы мақсаттағы күштерді даярлау мен қалыптастыруды ұйымдастыру, сондай-ақ құтқарушы құрамалар мәселелері бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, табиғат және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ықпал ету тәртібі туралы шешім қабылданды, ұжымдық бітімгерлік күштерінің құрамындағы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерге бөлінетін қаржы мен күш құрылымдары анықталды, сондай-ақ 2012 жылға арналған бюджет бекітілді. ҰҚШҰ Кеңесі сессиясының қорытынды құжаты ретінде біздің Ұйымның 10 жылдығы және ұжымдық қауіпсіздік туралы Шартқа қол қойылуының 20 жылдығына байланысты мәлімдеме қабылданды. Бұл біздің бірлескен жұмысымыздың негізгі нәтижесі", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыстың қорытындысы бойынша ҰҚШҰ Жарғысына өзгерістер енгізу жөніндегі құжаттар топтамасы және Ұйымның аясында жасалған жекелеген құжаттар қабылданды.

Қорытынды баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысы ҰҚШҰ-ның ұжымдық қауіпсіздік кеңесінде сыртқы және қорғаныс саясаты саласындағы өзара іс-қимылға, сондай-ақ қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы әрекет етуге қатысты мәселелер қаралғанын атап өтті. Бірінші кезекте, қазіргі заманғы әлемде болып жатқан қауіптер мен тәуекелдерге адекваттық, жедел жауап беретін жаңа мүмкіндіктерді қарастыратын ҰҚШҰ дамыту мәселелері талқыланды.

"ҰҚШҰ-ға мүше елдердің аумағында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл, төтенше жағдайларға ықпал ету, ҰҚШҰ-ның әскери құрылымын одан әрі дамыту және біздің мемлекеттеріміз үшін өзара мүделестік туғызатын өзге мәселелер туралы уағдаластық. Мен бүгін өте маңызды шешім қабылданды деп санаймын. ҰҚШҰ құрамына кірмейтін мемлекеттердің әскери инфрақұрылым нысандарын біздің елдердің аумағында орналастыру туралы мемлекет басшыларының консенсусы жетістік болды. Бұл енді ҰҚШҰ-ға мүше елдердің, барлық одақстастардың міндетті түрде келісімі бойынша жүзеге асырылады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарттың 20 жылдығына және біздің Ұйымның құрылуының 10 жылдығына байланысты келесі жылға арналған іс-шаралар Жоспары келісілді. Бұл жөнінде Бірлескен мәлдімдеме мақұлданды. Бүгін Қазақстан ҰҚШҰ-ға төрағалық тізгінін қолға алып, өз басымдықтарын таныстырды. Олардың қатарында ҰҚШҰ-ға мүше-мемлекеттердің ақпараттық кеңістігін қорғау, Ұжымдық жедел әрекет ету күштерін одан әрі дамыту және нығайту, Орталық Азиялық өңірдің әуе кеңістігін ұжымдасып қорғау, есірткі бизнесімен күресті күшейту және ҰҚШҰ-ның стратегиялық есірткіге қарсы курсын қалыптастыру, біздің мемлекеттердің техногендік және өзге апаттар орын алған жағдайда құтқарушы мамандарын дайындау үшін "Құзды қала - Астана" қазақстандық полигонның мүмкіндіктерін дамыту", - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ҰҚШҰ-ны әскери құрылыс, ұлттық қауіпсіздікті қамтамаыз ету, ҰҚШҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау саласындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың маңызды құралы ретінде қарастыратынын атап көрсетті.

Ұжымдық қауіпсіздік Кеңесінің келесі отырысын 2012 жылы Мәскеуде өткізу туралы шешім қабылданды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны