03.02.2014, 21:19 4553

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы Варшавада таныстырылды

Қазақстанның Варшавадағы Елшілігі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың "Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты жолдауының тұсаукесерін өткізді.

Алматы. 3 ақпан. Kazakhstan today. Қазақстанның Варшавадағы Елшілігі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың "Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты жолдауының тұсаукесерін өткізді.

"Аталған шараға 100-ден аса адам қатысты. Олардың арасында парламент депутаттары, Польшаның сыртқы саясат ведомствосы мен басқа да мемлекетттік органдардың қызметкерлері, кәсіпкерлер, Польшадағы отандастарымыз, БАҚ өкілдері болды. Жиналғандарға Жолдаудың поляк тіліне аударылған мәтіні таратылды", - деп Сыртқы істер министрлігінде хабарлады.

Елші Ерік Өтембаев сөйлеген сөзінде тыңдаушыларды Жолдаудың негізгі қағидаларымен таныстырып, аталған құжат арқылы Елбасы "Қазақстан-2050" Стратегиясында белгілеген мақсаттарды орындау аясында нақты нұсқаулар бергенін ескертті.

"Жолдаудағы тапсырмалар отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға, әлеуметтік саясатты нығайтуға, мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделін асыруға және ортақ құндылықтар мен еліміздің зор табыстарына деген шынайы мақтанышқа негізделген қазақстандық отансүйгіштікті көтеруге бағытталған" - деп атап өтті Е. Өтембаев.

Жолдаудың мазмұнына байланысты Елші сондай-ақ жиналған қауымды Қазақстан мен Польша арасында экономикалық ықтымақтастықтың дамуымен және поляк компанияларының Елбасы тапсырмаларының аясында жүзеге асырылуы тиіс жобаларға қатысу мүмкіндіктерімен таныстырды.

Пікір алмасу барысында отандық дипломат тыңдаушылар тарапынан түскен көптеген сұрақтарға жауап берді. Олар Жолдаудағы геологиялық барлауға көбірек көңіл болу, ашық теңіздерге шығу жолдары бар мемлекеттерде логистикалық орталықтарға инвестиция жасау, ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық, туристтік әлеуетті нығайту, т.б. мәселелерге қатысты болды.

Кездесуге қатысқан Польша сенаторы Ян Либицкий әрбір елдің табысты дамуы үшін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы тығыз ынтымақтастықтың маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Осы орайда ол өзінің мүгедектер құқықтарына арналған халықаралық конференцияға қатысу мақсатында 2009 ж. Астанаға жасаған сапарын жылы еске алатынын айтты. Сенатор, сондай-ақ, индустриалды-инновациялық даму бағдарламалары кәсіби-техникалық білім беру саласына елеулі көңіл бөлу мен қомақты инвестицияны талап ететінін ескертіп, осы салада Польшамен ынтымақтастық орнатуды ұсынды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны