23.02.2016, 22:24 4078

Елбасыныӊ төрағалығымен Қауіпсіздік кеӊесініӊ отырысы өтті

Отырыста Қазақстанныӊ Ұлттық қауіпсіздік стратегиясыныӊ 2015 жылғы жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ көші-қон саясатын жүргізу жайы қарастырылды

Астана. 23 ақпан. Kazakhstan Today - Отырыста Қазақстанныӊ Ұлттық қауіпсіздік стратегиясыныӊ 2015 жылғы жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ көші-қон саясатын жүргізу жайы қарастырылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет әлемдік экономикалық дағдарыстыӊ теріс ықпалына қарамастан, мойнына алған әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындап, қорғаныс қабілеттілігініӊ, қауіпсіздіктіӊ және құқық тәртібініӊ қажетті деӊгейін сақтап қалатынын атап өтті, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті экономикалық өсімніӊ қарқынын бәсеӊдететін жаһандық факторлар ықпалын, көршілес өӊірлердегі діни-экстремистік және террорлық сипаттағы қатерлердіӊ арта түсуін елеулі қауіптер мен сын-қатерлер қатарында атады.

Мемлекет басшысы сондай-ақ қалыптасқан жағдайда дағдарыс құбылыстарына лайықты түрде қарсы тұру үшін Қазақстан қоғамын ұйыстырудыӊ маӊыздылығын атап өтті.

Президенттіӊ көмекшісі - Қауіпсіздік кеӊесініӊ хатшысы Н.Ермекбаев өз баяндамасында мемлекеттік органдардыӊ 2015 жылғы жұмыс қорытындыларына баға берумен қатар, алдағы кезеӊніӊ басымдықтары мен міндеттеріне назар аударды. Ол сондай-ақ әлемдегі экономикалық ахуалдыӊ тұрақсыздығы жағдайында Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар экономиканы әртараптандыру және қазақстандықтардыӊ тұрмыс деӊгейін сақтау жөніндегі шараларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

Н.Ермекбаев құқық қорғау органдарыныӊ қызметін бұдан әрі жетілдіру, азаматтардыӊ құқықтарын қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы қадамдар туралы әӊгімеледі.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова және Ішкі істер министрі Қ.Қасымов сөз сөйледі. Көші-қон үдерістерін реттеудіӊ маӊызды екі мақсаты бар екені атап өтілді. Бір жағынан, экономикалық өсімді ынталандыру үшін еӊбек ресурстарын, соныӊ ішінде қайта оралған қандастарымызды және жоғары білікті шетелдік мамандар легін ел ішіне жүйелі түрде орналастыру қажет. Екінші жағынан, Қазақстанға халықаралық террорлық топтардыӊ идеологтары мен үгітшілерініӊ, қылмыс әлемі өкілдерініӊ, заӊсыз мигранттардыӊ келуіне жол беруге болмайды.

Отырыс барысында елімізде Конституция бойынша қос азаматтықтыӊ мойындалмайтынын, соған байланысты мұндай жағдайларға жол бермеу қажет екені атап өтілді.

Жер телімдерін өздігімен басып алудыӊ, бекітілген ережеден тыс бей-берекет құрылыстардыӊ жолы кесілуі тиістігі де айтылды.

Сонымен қатар іс-шараға қатысушылар ұйымдастырылған ішкі көші-қонныӊ маӊыздылығына назар аударды. Бұл азаматтардыӊ ел аумағында орналасудағы теӊсіздігін жоюды, сондай-ақ Қазақстанныӊ әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарына жетуді қамтамасыз етеді.

Қазақстан Президенті Қауіпсіздік кеӊесі отырысыныӊ қорытындысы бойынша Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма беріп, олардыӊ орындалуын бақылауды Қауіпсіздік кеӊесі аппаратына жүктеді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны