13.12.2006, 17:25 4405

Елімізде 19 мыңнан астам басқа ұлт өкілдері қазақ мектептерінде оқиды

АСТАНА. 13-желтоқсан. Kazakhstan Today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақорданың Күмбезді залында мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың мемлекеттік тілді меңгерген ұлты қазақ емес жас қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері қазақ тілін дамыту мен қолдану аясын кеңейту жөнінде пікір бөлісіп, Елбасының Қазақстан халықтары Ассамблеясының XII сессиясында сөйлеген сөзіне қолдау білдірді.

- Мемлекеттік тіл, ең алдымен - мемлекеттілігіміздің атрибуты. Кез келген өркениетті елдің өзінің Туы, Гербі, Инұраны болатыны секілді мемлекеттік тілі де болуға тиісті. Бүгінде, Қазақстан халықтары Ассамблеясының мәліметтеріне жүгінсек, республикамызда болгар диаспорасының 29 пайызы, кәрістердің 28, еврейлердің 17, поляктардың 10 пайызы мемлекеттік тілді біледі. Республикада барлық оқушылардың 57,4 пайызы мемлекеттік тілде білім алады. 19 мыңнан астам басқа ұлт өкілдері қазақ мектептерінде оқиды. 2005 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде өз білімдерін дәлелдеп, "Алтын белгімен" марапатталған оқушылардың 56,7 пайызы - қазақ мектептерінің түлектері. Бұл жағдай қазақ мектептерінің білім беру деңгейі төмен деген алып-қашпа пікірдің негізсіз екенін дәлелдейді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөйлеген сөзінде.

Елбасымен кездесуге еліміздің 16 аймағынан, жасы 30-ға толмаған 15 ұлттың өкілі қатысты. Олардың басым бөлігі мемлекеттік қызмет пен ұлттық компанияларда қызмет етеді. Осыған көңіл бөлген Мемлекет басшысы алдағы уақытта да мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік қызметке кеңінен тарту туралы тиісті органдарға тапсырма беретінін жеткізді.

- Тілдерді дамыту бағдарламасына келесі жылғы бюджеттен 2 миллиард 700 мың теңге бөлініп отыр. Үкімет мемлекеттік тілді оқыту ісіне әлі де қосымша қаражаттарды қарастыруда. Мен Қазақстан халықтары Ассамблеясының XII сессиясында мемлекеттік тілді меңгерудің қажеттілігіне баса назар аударып, Үкіметке тиісті тапсырмалар бердім. Осы бір айдың ішінде Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның екі отырысы өтті. Онда бірқатар шаралар қолға алынды. Солардың бірі - мемлекеттік қызметтегі мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін материалдық ынталандыру мәселесі. Екінші мәселе - мемлекеттік тілді оқыту әдістемелерін жетілдіру. Өзін Қазақстанның азаматы санайтын кез келген адам, кез келген ұлттың өкілі барлық өркениетті елдердегідей мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылуы тиіс, - деді Мемлекет басшысы кездесуде.

Елбасы еліміз Тәуелсіздігінің 15-жылдың ішінде Қазақстан барлық қиындықтар мен сынақтардан сүрінбей өтіп, экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңару жолына түскенін атап айтты. Осы орайда мемлекеттік тілдің дамуы - еліміздің жалпы руханиятының дамуына ықпал ететінін атап көрсетті.

- Еліміздің Тәуелсіздігіне 15 жыл толып отыр. Осы аздаған жылдың ішінде біз адамзат тарихында жиі бола бермейтін керемет жетістіктерге қол жеткіздік. Сол жетістіктер мен жеңістердің бастаушысы да, ұйымдастырушысы да Сізсіз, Нұрсұлтан ИБішұлы! Ал қолдаушысы - Қазақстан халқы. Халықтың күші - оның бірлігінде. Мен әруақытта бүкіл адамзатқа құшақ жайған, пейілді, дархан қазақ халқының ортасында дүниеге келгенімді өзіме бақыт санаймын. Менің елім - қазақ елі. Менің Отанымның тілі - менің тілім, - деді тебірене сөз алған Алматы қаласының мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бас маманы Роза Магай.

- Сіздің Қазақстан халықтары Ассамблеясының XII сессиясында сөйлеген сөзіңіз еліміздің халқы арасында үлкен серпіліс туғызды. Облыс жұртшылығы мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру бойынша Сіздің тапсырмаларыңызды толықтай қолдайды, - деп атап өтті Атырау облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Олег Басиев.

- Нұрсұлтан Ибішұлы, Сіз бір сөйлеген сөзіңізде: "Қазақ қазақпен қазақ тілінде сөйлеуі тиіс" екендігін атап көрсетіп едіңіз. Бірақ қазақ тілі - тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл - ортақ тіліміз, Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Сондықтан айтқаныңыз да бәрімізге қатысты. Меніңше, "қазақ, қазақ емес" дегеннен гөрі, қазақ тілін білетін және қазақ тілін білмейтін қазақстандықтар деп айтқан дұрыс. Тілді меңгеру үшін адамның тілді үйренемін деген, ұстаздың тілді оқытамын деген ниеті болуы керек, сондай-ақ тілдік ортаның болуы да өте маңызды, - деді Қазақстан халықтары Ассамблеясы Хатшылығының аға сарапшысы Марина Бухарина.

- Қазақ тілі өте бай тіл. Қазақ тілін жақсы білген адамдар қазақ мәдениетін, әдебиетін, менталитетін біле бастайды. Сонымен бірге өзіңді қазақтай сезінесің. Бұған менің толық көзім жетті. Мен өзімнің өмір жолымда Сізді өзімнің ұстазым ретінде қабылдаймын. Ел тыныштығы мен бүгінгі жетістіктеріміздің барлығы Сіздің арқаңызда деп білемін аса қадірлі Президентім, - деді Президент Икімшілігінің бас инспекторы Сергей Коновалов.

Кездесуге қатысушылар Елбасына бірауыздан ризашылықтарын білдіріп, еліміз Тәуелсіздігінің 15-жылдық мерекесімен құттықтады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны