14.05.2009, 17:16 3246

Еліміздегі шетелдік компаниялар қазақстандық жұмысшылар үшін қосымша жұмыс орнын ашу жөнінде өздеріне жүктелген міндеттерді әлі де орындамай отыр - Бас прокуратура

Еліміздегі шетелдік компаниялар қазақстандық жұмысшылар үшін қосымша жұмыс орнын ашу жөнінде өздеріне жүктелген міндеттерді әлі де орындамай отыр - Бас прокуратура

Астана. 14 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Еліміздегі шетелдік компаниялар қазақстандық жұмысшылар үшін қосымша жұмыс орнын ашу жөнінде өздеріне жүктелген міндеттерді әлі де орындамай отыр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Республиканың прокуратура органдары әкімдіктер және шетелдіктердің қатысы бар компаниялар қызметіндегі халықты еңбекпен қамту туралы заңдардың қолданылуына тексеру жүргізді",- деді С.Нұрпейісов.

Оның айтуынша, тексеру барысында шетелдік компаниялар қызметінен рұқсаттың ерекше шарттарын орындамау, жұмысқа шетелдіктерді заңсыз қабылдау, шетелдік мамандарды рұқсатта көрсетілмеген қызметтерге пайдалану, сондай-ақ еңбек жағдайларында Қазақстан азаматтарын кемсіту сияқты көптеген келеңсіз фактілер анықталды.

"Икімдіктердің тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығынан шетелдік компаниялар өздеріне жүктелген міндеттерді орындай бермейді,- деді ресми өкіл.

Мәселен, С.Нұрпейісовтың айтуынша, Алматы қаласындағы "Полимекс КЗ" ЖСШ өткен жылдың аяғына дейін қазақстандық жұмысшылар үшін 100 қосымша жұмыс орнын ашуға міндеттенген болатын. Тексеру нәтижесінде олардың мұның жартысына жуығын ғана орындағаны анықталды. Мұндай міндеттемелерін Алматыдағы 6 кәсіпорын орындамаған болып шықты. Мұндай кемшіліктер Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында да шыққан.

"Рұқсаттың ерекше шарттарын әкімдікке жалған ақпарат беріп "орындап" жүргендер бар",- дейді Бас прокуратура өкілі.

Мәселен, оның мәліметінше, Атырау облысындағы "Фиркфорт инжиниринг Сервиз Лимитед" компаниясы өткен жылы 25 шетелдікті қазақстандық жұмысшымен алмастыруға міндеттенсе, жергілікті атқару органына оның бесеуін аламастырдық деп мәлімет берген. "Прокурорлық тексерудің барысында мұның өзі жалған болып шықты. Мұндай мысалдар жеткілікті",- деді ол.

Көптеген шетелдік компаниялар шетелдіктерді ереженің 35- тармағын бұзып, рұқсатта көрсетілген қызметтен басқа қызметтерге тартады.

"Мәселен, өткен жылы Алматы облысының әкімдігі "Консорциум ИДИЛ-Аксу" ЖСШ-на Түркия азаматына- " телекоммуникация жүйелері бойынша техник" қызметіне рұқсат берген. Ал іс жүзінде ол "қойма меңгерушісі" міндетін атқарған",- деді ол.

Бас прокуратура өкілінің айтуынша, Алматы қаласындағы "Азиялық газқұбырлары" серіктестігіндегі 58 қытай мамандарының 16-сы рұқсатта көрсетілмеген қызметтерге тартылған.

"Өз еліміздің жұмысшыларының конституциялық құқықтарын кейбір шетелдік компанялардың әлі де бұзып отырғандығын ерекше атап айтуға тиіспіз",- деді ол.

Жоғарыда аталған "Азиялық газ құбырлары" серіктестігінде қазақстандық жұмысшылардың еңбек демалысы 30 күн болса, қытай жұмысшылары 90 күн демалады.

Ал "Арселор Миттал Теміртау" кәсіпорнында жұмысқа алу кезінде тіпті жасына қарай ер адамдарға - 45, әйелдерге 40 жас деп шектеу қойылған.

Жалақы бойынша айырмашылық та жойылмай келеді.

Кейбір шетелдік жұмыс берушілердің халықты жұмыспен қамту туралы заңды аяқасты етіп, шетелдік жұмысшыларды тіпті рұқсатсыз әкелу фактілері де кездесті.

Мәселен, "Қазақойл Ақтөбе" серіктестігі Ресей Федерациясының азаматы А.Дыдалинді ешбір рұқсатсыз цех бастығы етіп қабылдаған. Батыс Қазақстан облысындағы "Жаңақұрылыс" серіктестігі де заңды осылайша бұза отырып, ресейлік 17 жұмысшыны пайдаланған. Мұндай заң бұзушылықтар Алматы қаласы мен Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында да байқалды.

"Осы тексерулер нәтижесінде прокуратура органдары заң бұзылуын жою жөнінде 42 ұсыным енгізіп, әкімшілік заң бұзушылықтар туралы 55 іс қозғады, прокурорлық ықпал ету актілері бойынша шетелдік жұмысшы күшін тарту туралы 56 рұқсат кері қайтарылды",- деді С.Нұрпейісов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны