Система Orphus

Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің бұрынғы төрағасы Анталия қаласында тұтқынға алынды

20.01.2010, 12:56 1284

Астана. 20 қаңтар. Kazakhstan Today - Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің бұрынғы төрағасы Анталия қаласында тұтқынға алынды. Бұл туралы ҚР ІІМ-нің тіл саясаты және ақпарат департаментінің жетекшісі Қуанышбек Жұманов бүгін өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"ІІМ-нің Тергеу комитеті Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің бұрынғы төрағасы Асқар Исағалиевке қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Жиналған дәлелдемелердің негізінде және Исағалиевтің жауап беруге келмегенін ескере отырып, сот оны қамауға алу туралы санкция беріп, ол мемлекетаралық іздестіруге жарияланған еді",- деді Қ.Жұманов.

Оның айтуынша, өткен жылдың қазан айында Қазақстанның Интерпол Ұлттық орталық бюросы қамауға алу және экстрадициялау мақсатында оған халықаралық іздестіру жариялаған. Исағалиевті ұстау туралы сұрау салу Интерполға қатысушы барлық елдерге жолданған болатын.

"Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында іздестіруде жүрген адамның Ресейде, Өзбекстанда, Қытайда, Гонконгта, Израильде және Италияда болып үлгергені туралы мәліметтер келіп түсті. Сонымен қатар Исағалиевтің Түркия аумағында жасырынуы мүмкін деген ақпарат алынды. Төрт ай бойы Қазақстанның Интерпол Ұлттық орталық бюросы Түркияның Интерпол ҰОБ-мен бірлесіп, оны ұстау мақсатында Түрік Республикасының аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асырды",- деді ресми өкіл.

Оның хабарлауынша, "9 қаңтарда іздестірудегі адам Анталия қаласында тұтқынға алынды. Қазіргі уақытта түріктің құзыретті билік органдары оны Қазақстанға экстрадациялау мәселесін шешуде".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны