06.05.2009, 15:12 2825

Халықаралық арнайы операцияның нәтижесінде біздің ел арқылы Қытайға контрабандалық есірткі партияларын тасымалдаумен айналысқан трансұлттық ірі есірткі қауымдастығы жойылды

Халықаралық арнайы операцияның нәтижесінде біздің ел арқылы Қытайға контрабандалық есірткі партияларын тасымалдаумен айналысқан трансұлттық ірі есірткі қауымдастығы жойылды

Алматы. 6 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Халықаралық арнайы операцияның нәтижесінде біздің ел арқылы Қытайға контрабандалық есірткі партияларын тасымалдаумен айналысқан трансұлттық ірі есірткі қауымдастығы жойылды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі ҚР ҰҚК Алматы қалалық департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, халықаралық заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес барысында ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті 2008 жылдың қыркүйек айынан бастап 2009 жылдың сәуір айына дейін "Сафари-транзит" атты ауқымды көп сатылы халықаралық арнайы операциясын өткізді. Оның кейбір кезеңдері Қытай Халық Республикасында, осы елдің Қоғамдық Қауіпсіздік Министрлігімен (ҚҚМ) өзара тығыз байланыста жүргізілді. Нәтижесінде Ауғанстаннан біздің ел арқылы Қытайға контрабандалық есірткі партияларын тасымалдаумен айналысқан трансұлтаралық ірі есірткі қауымдастығы жойылды.

Алғашқы кезеңде Алматы қаласындағы халықаралық әуежайда "Алматы-Пекин" бағытында ұшуға әзірленген екі Моңғолия азаматы қолға түсті. Олар арнайы дайындалып, есірткі салынған 177 капсулаларды асқазанына жұтып алып, бір жарым килограмм героинді Қытайға алып кетпек болған.

Осы мезетте Алматыдағы бір мекенжайда осынау заңсыз есірткі партиясын Қытайға жөнелтуге әзірлеген тағы бір Моңғолия азаматшасы ұсталды. Оның жалға алған пәтерінен де жарты килограммнан астам героин салынған 65 капсула тәркіленді.

Бұдан әрі жүргізілген жедел-іздестіру шаралары кезінде бұл есірткі арнасын ұйымдастырушылар да анықталды. Олар Қытай елінде тұрып жатқан Нигерия елінің азаматтары болып шықты. Пәкістан мен Ауғанстанда қылмыстық байланыс орнатқан бұл қылмыстық топ Қазақстан арқылы Қытайға заңсыз есірткі тасымалдау арнасын орнатқан.

Осынау халықаралық қылмыстық қауымдастықты жою мақсатында алматылық арнайы қызмет қызметкерлері жедел комбинациялар ойластырып, жүргізу нәтижесінде есірткі "серкелерінің" жоспарларын және басқа да айла-шарғыларын алдын-ала біліп отырды. Осылайша, 2008 жылдың қазанында тағы бір ауғандық есірткіні асқазанында тасымалдаушы қолға түсті. Бір килограмм героинді - 166 капсуланы жұтып алған ол Алматы қаласына келе сала ұсталды.

Бір айдан соң Қытайдағы есірткі "серкелерінің" нұсқауы бойынша Пәкістаннан Алматыға үш ауғандық азамат 1 кг 300 грамм героинді алып келді. Олар қолға түскеннен кейін, қалыптасқан жағдайды ескере отырып, ҰҚКД қызметкерлері қытайлық арнайы қызмет өкілдерімен бірлесе отырып, халықаралық операция өткізуге шешім қабылдады. "Алматы-Пекин-Гуанчжоу" бағытымен сырттай бақылау арқылы есірткі партиясы жеткізілді. 2008 жылдың 26 қарашасында аталған екі ел арнайы қызметтері Гуанчжоу қаласында екі есірткі барондарын - Нигерия азаматтарын қолға түсірді. Олар ұстау кезінде белсенді қарсылық көрсетіп, қашып кетпек болғанымен тұзақтан құтылмады. Мұнымен қатар, қытайлық сақшылар қылмыстық қауымдастықтың тағы бір 3 мүшесін - екі нигериялықты және бір моңғолдық азаматшаны ұстады. Олардан ірі көлемде "кокаин" және "героин" партиялары тәркіленді.

Ал осы уақытта Алматы қаласында ҰҚКД қызметкерлері аталмыш қылмыстық қауымдастықтың тағы бір мүшесін - африкалық Гана елінің азаматын қолға түсірді. Оның жалға алған пәтерінен 3 кг астам героин табылып, тәркіленді.

Көп сатылы операцияның кезекті кезеңінде Гуанчжоу қаласында есірткінің тағы бір партиясын алып келуге әрекет жасаған екі нигериялық азамат пен бір Өзбекстан елінің "Сабина" деген лақап аты бар азаматшасы белгілі болды. Өткен жылдың 29 желтоқсанында олар да "Қашқар - Гуанчжоу" бағытымен 1 кг 200 гр героин партиясын алып бара жатқан жерлерінен ұсталды.

Үстіміздегі жылдың 30 қаңтарында Алматыда қылмыстық қауымдастықтың тағы бір мүшесі Ауғанстан азаматы Алматы әуежайында қолға түсті. Ол денесіне, яғни киімінің астына 4 кг астам героинді тығып алып, елімізге алып келген. Белгілі болғандай, қылмыскер мұны да Қытайға алып өтпекші екен. Осы жағдайға орай, қытайлық арнайы қызмет өкілдерімен бірлесе отырып, тағы сырттай бақылауға алынған есірткі партиясын жеткізу ұйғарылды. Нәтижесінде осы жылдың 19 ақпанында Гуанчжоу қаласында екі Нигерия азаматы ұсталды.

Осылайша, осынау көп сатылы халықаралық операция барысында, яғни 2008 жылдың қыркүйек айынан бастап сәуір айына дейінгі кезеңде, трансұлтаралық есірткі қауымдастығының 19 белсенді мүшелері қолға түсті. Олардың 9-ы - (үшеуі Моңғол, бесеуі Ауғанстан және біреуі Гана азаматтары) Алматы қаласында ұсталса, 10-ы - (жетеуі Нигерия, бір Өзбекстан және бір Моңғолия азаматтары) Гуанчжоу (ҚХР) қаласында тұзақталды. Аталған екі қалада заңсыз есірткі айналымынан 15 кг астам героин тәркіленді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны