10.01.2007, 11:24 2935

ІІМ жарақаттағыш қаруға рұқсатнама жүйесін енгізбекші

АСТАНА. 10-қаңтар. Kazakhstan Today. ІІМ оқпансыз жарақаттағыш оқты қаруды сатып алу мен иемденуге рұқсатнама жүйесін енгізбекші, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі.

"ҚР ІІМ "Жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын жасады. Онда оқпансыз жарақаттағыш оқты қаруды ішкі істер мекемелерінің рұқсаты бойынша сатып алынатын қарулар санатына жатқызу көзделген",- делінген министрліктің ақпарат және бұқарамен байланыс орталығы таратқан хабарламада. Қазірде заң жобасы мәжілістің қарауына ұсынылған.

Полицияның түсініктемесіне сәйкес, жарақаттағыш қаруға "Оса" және "Стражник" маркалы қару түрлері жатады. Бастапқыда мұндай қару жеке қорғаныста айрықша тиімді құрал ретінде жасалған. Алайда, тәртіп сақшыларының ақпаратына сәйкес, азаматтар жарақаттағыш оқтары бар қаруды көп жағдайда жеке қорғаныс мақсатында емес, "азаматтардың өмірі мен денсаулығына зақым келтіру жөніндегі бопсаның көмегімен өз дегеніне жету мақсатында" сатып алып пайдаланады. Мәселен, Қазақстанда кейінгі үш жылда жарақаттағыш оқты әрі оқпансыз қаруды пайдалану арқылы жасалған 168 қылмыс (2006-жылы - 96) тіркелген. Атап айтсақ, 12 кісі өлтіру, 19 қарақшылық шабуыл оқиғасы мен денсаулыққа зақым келтіруге қатысты 29 қылмыс жасалған. Тек былтыр ғана осындай қаруды қолдану арқылы 8 қасақана кісі өлтіру қылмысы жасалды.

Сонымен бірге, полициядағылардың пікірінше, пневматикалық қаруды пайдалану арқылы жасалған қылмыстар да денсаулықты зақымдау тұрғысында аса қатерлі. 2004-2006-жылдар аралығында пневматикалық қаруды пайдалану арқылы жасалған 21 қылмыс тіркелді.

Қазір Қазақстанда жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы заңға сәйкес, аузындағы қуаты 7,5 Джоульден аспайтын пневматикалық қару мен жарақаттағыш әсері бар оқпансыз оқты қару тіркеуден өтпейді. Алайда, полициядағылардың пікірінше, "осындай қаруды еркін сату салдарынан оларды бұрындары сотталған, ақыл-есі бүтін емес, нашақор немесе басқа да әлеуметтік қаупі бар тұлғалар сатып алуы ықтимал".

Осыған байланысты және қару айналымын бақылауды күшейту мақсатымен ІІМ оқпансыз әрі жарақаттағыш оқты қаруды сатып алу мен иемденуге рұқсатнама жүйесін енгізуді қарастыратын заң жобасын жасады. "Бұл заң қабылданған жағдайда Қазақстан азаматтары жеке қорғаныс мақсатында сатып алған жарақаттағыш оқты қаруды ішкі істер органдары берген рұқсатпен ғана сақтау немесе оны алып жүру құқығына ие болады",- делінген полицияның түсініктемесінде. Сонымен бірге, қазірде осындай қаруы бар азаматтар міндетті түрде оны тіркетуге тиіс болмақ.

ҚР ІІМ-нің мәліметтерінше, Қазақстанда 3 жылда жарақаттағыш оқты қарудың 23 мың данасы сатылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны