19.05.2010, 13:30 1787

Интерпол желісі бойынша Cosa nostra мафиясының мүшесіне іздеу жарияланды, ҚР ІІМ оның Қазақстанда болу мүмкіндігін жоққа шығармайды

Интерпол желісі бойынша Cosa nostra мафиясының мүшесіне іздеу жарияланды, ҚР ІІМ оның Қазақстанда болу мүмкіндігін жоққа шығармайды

Астана. 19 мамыр. Kazakhstan Today - Интерпол желісі бойынша Евгений Гуревичке іздеу жарияланды, ҚР ІІМ оның Қазақстанда болу мүмкіндігін жоққа шығармайды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Интерполдың Италия, АҚШ және Қырғызстандағы ұлттық орталық бюролары 1977 жылы туған АҚШ азаматы Гуревич Евгений Сергеевичті іздестіруде. Ол аталған елдерде аса ірі көлемде алаяқтық жасаған деп айыпталуда, біздің шетелдік әріптестеріміздің бағалауынша, ол Италияның Cosa nostra қылмыстық қоғамдастығының мүшесі болып табылады", - делінген хабарламада.

Таратылған ақпаратқа сәйкес, Е. Гуревич ағымдағы жылдың 15 сәуірінде Қазақстан аумағына, алдын-ала жорамал бойынша, Алматыға келіп, АҚШ елшілігіне барған. ІІМ мәліметінше, Е. Гуревичтің АҚШ және Италия азаматы деген паспорты бар, онда Ресей Федерациясы мен Қырғызстанның азаматтығы да болуы мүмкін. Қазақстан аумағында ол шетел азаматы секілді қонақ үйлерде тұрып жатқан болуы немесе жеке пәтер жалдауы мүмкін.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі азаматтардан Е. Гуревичтің жүрген жері туралы ақпараттан хабардар болса Интерполдың Қазақстандағы ұлттық орталық бюросының кезекші бөліміне 8 (7172) 71-43-49 телефоны арқылы немесе аумақтық ІІД-нің аумақтық кезекші бөлімшелеріне, немесе 102 нөміріне хабарлауды сұрайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков былай деді : "19 сәуірде Қырғызстан жағынан оны Қазақстан аумағынан экстрадициялау туралы өтініш келіп түсті. Бұл өтініш бойынша Бас прокуратура тарапынан кеше ҚР ІІМ-нің Криминалдық полиция комитетіне Гуревичті іздестіру туралы тапсырма берілді", - деді ол.

Ал бұдан ертеректе Қырғызстанда осы елдің бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим Бакиевтің үстінен 16 сәуірде Қырғызстанның Қылмыстық кодексінің 304-бабы (лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану) және 185-ші бабы (мемлекеттік несиені мақсаттан тыс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғады.

"Қырғызстан үкіметі мен РФ үкіметі арасындағы келісімге 2009 жылдың 3 ақпанында қол қойылып, соған сәйкес Қырғызстанға 300 млн доллар көлеміндегі мемлекеттік несие жылдық 0,75%-дық ставкамен 40 жылға берілген. Ал "Қырғызстанның Даму қоры" ЖАҚ-ның директолары кеңесінің төрағасы болған М. Бакиев өзінің лауазымдық өкілеттілігін пайдалану арқылы қызметтік мүддені ысырып қойып, өз басына пайда табу үшін ресейлік несиенің 35 млн долларын "Манас банк"ЖАҚ, "АзияУниверсалБанк"ААҚ, "КыргызКредитБанк"ААҚ, "Кыргызский инвестиционный кредитный банк" ЖАҚ мен "Бакай банк" ЖАҚ-ында депозитке салған", - деп хабарлады Қырғызстанның Бас прокуратурасы.

"Ал қалған 226 млн долларды "Қырғызстанның Даму қоры" ЖАҚ-ның бас директоры Алексей Елисеев М. Бакиевпен алдын-ала ымыраласу арқылы Е. Гуревичтің компаниясы - "MGN Asset Management" ААҚ-ына ("MGN Group" ЖАҚ-ның еншілес компаниясына) берген. Ал соңғысы болса, республикадан тысқары жерлердегі қор биржаларында алыпсатарлық операциядармен айналысып, пайда табу үшін бағалы қағаздар саудасымен шұғылданған", - делінген Қырғызстан Бас прокуратурасының хабарламасында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны