15.09.2006, 14:33 2908

Интерполдың қазақстандық бюросы қырғызстандық депутатқа байланысты оқиғаға бөлімнің қатысы бар деген айып туралы түсініктеме беруден бас тартуда

АСТАНА. 15-қыркүйек. Kazakhstan Today. Интерполдың қазақстандық бюросының өкілдері Қырғызстан Жогорку кенешінің депутаты Өмірбек Текебаевқа байланысты оқиғаға бөлімнің қатысы бар деген айып туралы журналистерге түсініктеме беруден бас тартуда, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Изірге біз бұл туралы ештеңе айта алмаймыз",- деді Kazakhstan Today тілшісіне Интерполдың қазақстандық бөлімінің баспасөз қызметіндегілер телефон арқылы әңгімеде. "БАҚ-тарға айтатын бірдеме пайда болған жағдайда біз өзіміз баспасөз мәслихатын шақырып, ақпарат тарататын боламыз",- деді өкіл.

Ал бөлімнің басқа телефондары арқылы әлдекіммен тілдесуге жасалған талпыныстар нәтиже бермеді. "Мен жаңа ғана іссапардан келдім, не болып жатқанын білмеймін. Ертең таңертең қоңырау шалыңыз. Өзім оқиғаның байыбына барып алайын",- деді Интерполдың қазақстандық бөлімі бастығының орынбасары Еркін Мұқалықов. Алайда, ертеңінде журналистің үнін телефоннан естіген Интерпол қызметкері тұтқаны тастай салды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қырғызстан Жогарғы кенешінің депутаты Мелис Эшимканов, Бішкек-Стамбул -Варшава бағытындағы ұшақта өзімен бірге есірткі немесе жарылғыш зат алып бара жатқан үш азамат болуы мүмкін, деген ақпараты бар факстың Қырғызстан аумағынан жөнелтілмегені жөнінде құлағдар еткен. "Құжатта Интерполдың Қазақстан Елордасы - Астанадағы аймақтық бөлімінің мекен-жайы көрсетілген",- дейді М.Эшимканов. "Бұл іске өзге елдің арнайы қызмет өкілдерінің де қатысы бар, деген ақпарат расталып отыр",-деп атап өтті депутат.

Ал депутат Болотбек Шерниязовтың ақпаратына сәйкес, Интерполдың Қазақстандағы бюросының Варшаваға жолдаған сұрауында Қырғызстандық парламентшілер "Хизб-ут-Тахрир" діни-экстремистік ұйымының содырлары деп аталған.

Депутаттар құрған арнайы комиссия, аталған оқиғаға ҚР президентінің інісі және Қырғызстан ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Жаныш Бакиевтің қатысы барын анықтаған. Депутаттар Бішкек әуежайында Текебаевтың қол жүгіне қатысты қитұрқы әрекетті анықтапты. Атап айтқанда, ішті бақылайтын бейнекамераларға Текебаев өзінің қол жүгін өткізгеннен кейін, ауысым бастығының депутаттың жүгін қауіпсіздік қызметінің бөлмесіне 14 минутқа алып кеткені жазылған. Одан кейін ауысым бастығы жүкті жүк сақтау бөліміне өткізіп, қауіпсіздік қызметінің бастығымен және шекарашымен сөйлескен.

Депутаттар оқиғаға Ж.Бакиевтің қатысы барын мәлімдегеннен соң, ҚР ҰҚК төрағасы Бусурманкул Табалдиев пен оның орынбасары Ж.Бакиев отставкаға кетті.

Осыған дейін хабарлағандай, Ө.Текебаев 6 қыркүйекте Польшада есірткі алып өтпек болған сәтте ұсталды. Кеден және шекара бақылауынан өткен кезде депутаттың жүгінің арасынан пластикалық тілімге оралған 595 грамм героин табылып, тәркіленді. Варшаваның округтік прокурорының қаулысына сәйкес, Текебаев тергеу изоляторына тоғытылып, Қырғыз депутаттары мен саясаткерлерінің араласуынан кейін ғана , ол қамаудан босатылып, Бішкекке оралды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны