24.06.2009, 11:59 1366

Іздеуде жүрген Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тілдер комитетінің бұрынғы төрағасы Түркияда болып шықты - қаржы полициясы

Іздеуде жүрген Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тілдер комитетінің бұрынғы төрағасы Түркияда болып шықты - қаржы полициясы

Астана. 24 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Іздеуде жүрген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тілдер комитетінің бұрынғы төрағасы Ерден Қажыбек Түркияда болып шықты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі.

"Қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген сырттай айып тағылып, іздеуде жүрген, соттық санкциясымен қамауға алынуға тиіс Ерден Қажыбектің Түркияда екендігі іздестіру іс-шараларының нәтижесінде анықталды",- деді ол.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тілдер комитетінің бұрынғы төрағасы Ерден Қажыбекке қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген сырттай айып тағылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай 27 мамырда өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

"Ерден Қажыбек 2007 жылдың тамызында мәтіндердің қазақ-орыс-ағылшын тілдеріндегі онлайндық аудармашысын жасау бойынша атқарылмаған жұмыстардың үш актісіне қол қойған және орындаушыға 100% төлем жасаған",- деді қаржы полициясының өкілі.

М.Жұманбайдың айтуынша, 20 министрлік пен ұлттық компаниялардың және мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі 12 мекемесінің ақпараты бойынша үштілді аудармашы жұмыс істемейді және қолданылмай отыр.

"Мемлекетке келтірілген бастапқы залал көлемі 65 млн теңгені құрады. Айыпталушы іздеуге жарияланды. Қазіргі кезде іздеу шаралары жүзеге асырылуда",- деді ресми өкіл.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне
гиперсілтеме жасау міндетті.
«Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны