13.07.2026, 15:32 29096

Көкжайлаудағы құрылыс басталғаннан кейін соқпақта экологиялық алым төлеуге арналған QR-код пайда болды

Әлеуметтік желі қолданушылары плато аумағына автокөліктер мен мотоциклдердің кіре бастағанын хабарлауда
Көкжайлаудағы құрылыс басталғаннан кейін соқпақта экологиялық алым төлеуге арналған QR-код пайда болды
Көкжайлау шатқалына бұрынғы "Просвещенец" демалыс үйі жағынан баратын туристік соқпақта экологиялық төлем төлеуге арналған QR-код орнатылды. Ол аспалы жол құрылысының басталуымен қатар пайда болып, туристер арасында түсінбеушілік туғызды, деп хабарлайды Курсив.

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің түсіндіруінше, экологиялық алымды ұлттық паркке кіреберістегі бақылау-өткізу пунктінде төлемеген келушілер ғана төлеуі тиіс.

"QR-код арқылы төлемді ұлттық паркке кіру ақысын бұрын бақылау-өткізу пунктінде төлемеген келушілер ғана жүзеге асырады. Қайта төлем жасау талап етілмейді", - деп хабарлады ұлттық парктің баспасөз қызметінен.


Сондай-ақ, ұлттық парк өкілдерінің айтуынша, QR-коды бар ақпараттық тақтайша келушілердің бақылау-өткізу пунктіне бармай-ақ экологиялық төлемді төлеуіне қолайлы жағдай жасау үшін орнатылған.


Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде туристер маршруттың абаттандырылмағанына, ал селден кейін кейбір учаскелердің бұрынғыдан да қауіпті болып тұрғанына шағымдануда. Сондай-ақ, қолданушылар Көкжайлау шатқалына автокөліктер мен мотоциклдердің кіре бастағанын хабарлап жатыр.

Ұлттық парк бұл аумақта жеке көліктердің жүруінің заңсыз екенін растады.

Естеріңізге сала кетсек, Көкжайлауда тау шаңғысы курортын салу барысында туристік соқпақ бойындағы мыңдаған ағаш кесіледі деп жоспарлануда. Бұған дейін алматылықтар Казачка шатқалы арқылы өтетін бағыттағы ондаған ағаштың діңіне сандар мен түрлі белгілер қойылғанын байқаған еді. Қала тұрғындары бұл белгілер алдағы ағаш кесу жұмыстарына байланысты болуы мүмкін деген алаңдаушылық білдірген.

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жауабына сәйкес, болашақ тау шаңғысы курортына апаратын жолды салу үшін жалпы аумағы 15,37 гектар болатын жерде 2627 ағашты кесу жоспарланған. Ұлттық парк өкілдерінің айтуынша, бұл Көкжайлау шатқалына дейін ұзындығы 6,02 шақырым автомобиль жолын салу үшін қажет. Жоба аясында қосымша инфрақұрылым нысандарын салу да қарастырылған.

Сонымен қатар, алдағы ағаш кесу туралы ақпарат қала тұрғындарының алаңдаушылығын күшейтуі мүмкін. Бұған дейін тұрғындар белгі қойылған көптеген ағаштың қурамағанын және толықтай сау көрінетінін айтып, алаңдаушылық танытқан болатын.

Ұлттық парктің мәліметінше, жоба бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалау құжаты әзірленген, ал 2026 жылдың мамыр айында қоғамдық тыңдаулар өткізілген.

Қоғамдық тыңдаулар барысында жоба әзірлеушілері негізінен ауқатты шетелдік туристерді тартудың экономикалық тиімділігіне назар аударған. Тау кластерінің тұсаукесерінде шетелдік қонақтардың Алматыда ішкі туристерге қарағанда бірнеше есе көп қаржы жұмсайтыны айтылып, жаңа тау курорттарын дамыту жоғары қосылған құны бар "қымбат туристік өнімді" қалыптастыруға бағытталғаны атап өтілді.

Экологтар мен қоғам белсенділерінің пікірінше, іс жүзінде ұлттық парк аумағын игеру арқылы ауқатты аудиторияға арналған премиум санаттағы курорт салу жоспарланып отыр.

"Көкжайлауды сақтайық" қозғалысының белсенділері бірнеше рет жаңа трассалар, аспалы жолдар мен оған ілеспе инфрақұрылым құрылысы табиғи ландшафттың тозуына, су ресурстарына түсетін жүктеменің артуына және Алматының ең құнды табиғи аумақтарының бірінің жойылуына әкелуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын.



Kazakhstan Today ақпарат агенттігінің сайтында Көкжайлауда тау шаңғысы курортын салу мәселесіне қатысты жүргізілген сауалнама нәтижесінде респонденттердің 80%-ы жобаны қолдамайтыны белгілі болды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны