23.02.2024, 21:24 71431

Көлік министрлігі құрылысы биыл аяқталатын жолдар бойынша ақпарат берді

2024 жылы республикалық желінің 5,3 мың шақырымын жөндеу, салу және реконструкциялау жалғасатын болады
Биыл республикалық маңызы бар 2 091 шақырым жаңа және жаңартылған автожолдар пайдалануға беріледі деп күтілуде, деп мәлім етті Көлік министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында вице-министр Сәтжан Аблалиев.

2024 жылы республикалық желінің 5,3 мың шақырымын жөндеу, салу және реконструкциялау жалғасатын болады (құрылыс және реконструкциялау - 3,1 мың км, жөндеу - 2,2 мың км). Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық жолдардың үлесі 93%-ға дейін ұлғаяды деп жоспарланып отыр.

Президенттің тапсырмасына сәйкес негізгі күш-жігер "Астана - Балқаш - Алматы", "Талдықорған-Өскемен", "Ақтөбе - Қандыағаш" және "Атырау - Астрахань" негізгі дәліздерін реконструкциялауды аяқтауға бағытталатын болады. Жалпы 2 091 шақырым жолды пайдалануға беру және 419 шақырым жолды ашу жоспарлануда", - деді министрдің орынбасары.


Көлік-транзиттік әлеуетті одан әрі дамыту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту үшін 2024 жылдан 2030 жылға дейін жалпы ұзындығы 4,7 мың км жаңа жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруды бастау жоспарланып отыр.

Бірінші кезеңде 2024 жылы "Қызылорда-Жезқазған" (Ұлытау облысы бойынша учаске), "Ақтөбе-Қызылорда" ("Ақтөбе-Ұлғайсын", "Қызылорда-Сексеуіл" учаскелері), "Қарағанды-Жезқазған" және "Сарыағаш қаласын айналып өту" жобаларында жұмыстарды бастау көзделген.

Екінші кезеңде, яғни 2024-2026 жылдары құрылыс-монтаждау жұмыстары "Атырау-Доссор", "Астана-Қостанай-РФ шекарасы", "Атырау-Орал" ("Атырау-Индер", "Орал-Чапаево") және "Түркістан қаласын айналып өту" жолдарында басталады.

Үшінші кезең, яғни 2026 жылдан кейінгі кезең жалпы ұзындығы 1 434 км қалған жобаларды жаңғыртуды көздейді.

Қаржыландыру тапшылығын ескере отырып, қозғалыс қарқындылығы төмен жекелеген жобалар бойынша жолдарды 4 жолаққа дейін кеңейту мүмкіндігімен жөндеу жүргізу ұсынылады. Бұл "Павлодар-Успенка" және "Семей-Барнауыл" жолдары.

Бұдан басқа, салынғаннан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген жолдарды нормативтік жағдайға келтіру қажет. Бұл үшін Еуразиялық Даму Банкі қаражаты алғаш рет 5 мың шақырым ұзындықтағы конструкцияны күшейте отырып, орташа жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама жүргізуге тартылатын болады", - деп атап өтті С.Аблалиев. Оның айтуынша, орташа жөндеу бойынша жоспарланған жұмыстар жобалық-сметалық құжаттаманы талап етпейді, сәйкесінше аталған жобалардың іске асырылу мерзімдеріне оң әсер етпек.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны