17.04.2014, 19:46 3278

Қ. Жақыпов: евразиялық интеграция - 21 ғасырда өзара тиімді, ашық әрі қауіпсіз ынтымақтастық құрудың жарқын үлгісінің бірі болады

Мәжіліс Төрағасы Қ.Жақыпов бастаған қазақстандық мәжілісмендер бүгін Санкт-Петербург университетінде өтіп жатқан "Еуразиялық экономикалық болашақ" халықаралық форумына қатысуда.

Алматы. 17 сәуір. Kazakhstan today. Мәжіліс Төрағасы Қ.Жақыпов бастаған қазақстандық мәжілісмендер бүгін Санкт-Петербург университетінде өтіп жатқан "Еуразиялық экономикалық болашақ" халықаралық форумына қатысуда.

ТМД елдері парламенттері бастамашы болған бұл форум бүгінгі күні еуразиялық интеграцияның экономикалық, саяси және құқықтық өзекті мәселелері талқыланатын үнқатысу алаңына айналды.

Бұл жолы Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастырудың құқықтық тетіктері, Бірыңғай экономикалық кеңістікті жаңа өсу полюсі ретінде дамыту болашағы, полицентрлік әлемде геостратегиялық мүдделердің қиылысуы сынды маңызды сұрақтар танымал саясаткерлердің, қоғам қайраткерлерінің, бизнес және ғылыми қауымдастық өкілдерінің, ТМД елдері және Кедендік Одаққа мүше-мемлекеттер парламентері басшыларының әңгіме өзегіне айналды.

II пленарлық отырыста сөз алған Қабиболла Жақыпов шараның атаулы жылға сәйкес келгенін атап өтті. Осыдан тура 20 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ломоносов атындағы ММУ-де алғаш рет Еуразиялық одақ идеясының үлгілік жобасын ұсынған болатын. Сондықтан,"ЕуразЭҚ те, Кедендік Одақ та, Бірыңғай экономикалық кеңістік те еуразиялық интеграция идеясын жүзеге асырудың элементтері болып табылады",-деді Мәжіліс Спикері.

Одан әрі Қабиболла Жақыпов "Қазақстан - 2050" Стратегиясының басты мақсаттарының бірі - біздің еліміздің ең дамыған 30 елдің қатарына кіру міндетіне тоқталып, осы жолда аймақтық экономикалық жүйеге біздің экономикалық интеграциямызды тереңдету, нақтылап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыруға қатысу аталған мақсатқа жетуге жол ашатындығын сеніммен айтты.

Кедендік Одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік жұмысын бастаған соңғы төрт жыл ішінде Қазақстан - Ресей - Белорусь "үштігінің" өзара сауда көлемі екі есе артып, 2013-жылы 64 миллиард долларды құрады.

Сонымен қатар, Қазақстанда жалпы көлемі 6 миллиард долларға жуықтайтын 50-ден астам ірі қазақстандық-ресейлік жобалар жоспарланып, жүзеге асырылуда.

Интеграция аясындағы басым бағыттар инвестициялық сала, индустриялық - инновациялық жаңғырту.

Мәжіліс Спикері ЕуразЭҚ Парламенттік Ассамблеясының Қауымдастыққа мүше-мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын үндестірудегі рөліне айрықша назар аударып, парламентшілердің экономикалық интеграцияны нығайту жолындағы үлесіне тоқталды.

Қазақстан Парламенті Кедендік Одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамытуға қатысты 70 заң қабылдады.

Осы ретте Қабиболла Жақыпов Еуразиялық экономикалық одақ - ұзақмерзімге есептелген интеграциялық мегажоба екендігін атап өтті. Одан әрі:

"Бүгінгі күні көпполярлық әлем қалыптастырылуда, әлемдік саясат және экономика жүйесінде өзгерістер орын алуда, сондықтан, еуразиялық интеграция - 21-ғасырда теңдестірілген, өзара тиімді, ашық әрі қауіпсіз ынтымақтастықтың жарқын үлгісінің бірі болатыны сөзсіз",-деді Мәжіліс Төрағасы.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны