30.06.2016, 20:22 7822

Каникулға шыққан депутаттар жазда үй салып, ағылшын тілін үйренбек

Депутаттар жазғы демалысқа кетті. Бүгін Парламенттіӊ қос палатасы бірлескен отырыста бірінші сессияныӊ жұмысын қорытындылады. Енді мәжіліс пен сенат қыркүйекке дейін демалады.

Астана. 30 маусым. Kazakhstan Today - Депутаттар жазғы демалысқа кетті. Бүгін Парламенттіӊ қос палатасы бірлескен отырыста бірінші сессияныӊ жұмысын қорытындылады. Енді мәжіліс пен сенат қыркүйекке дейін демалады. Жаӊадан сайланған Мәжіліс небары үш ай жұмыс істеп үлгерді. Осы аралықта төменгі палата 12 заӊ жобасын қабылдапты. Жазғы каникулға шыққан депутаттар алдымен аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесеміз деп отыр. Кейін шипажайда және шетел асып алаӊсыз тынықпақ. Ал, енді бірі кітап жазып, ағылшын тілін үйренбекші, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Көптен күткен жазғы каникулға асыға жеткен депутаттар бүгін балаша мәз. Бәрініӊ қуанышында шек жоқ. Ал оларды жазғы демалысқа шығарып салуға Үкімет басшысы да қарамағындағыларды түгел ертіп келіпті. Араларында көп көріне бермейтін Қораныс министрі Иманғали Тасмағамбетов те бар. Ал бір апта бұрын ғана Ақордадан Мәжіліске қайта оралған спикер Нұрлан Нығматулин алдымен бірінші сессияныӊ жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды www.ktk.kz тілшісі.

Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:

-Бұл кезеӊде Мәжіліс қарауына 42 заӊ жобасы болды. Ал, 7 заӊ жобасын депутаттарымыздыӊ өздері әзірледі. Осы сессияда Мәжіліс 13 заӊ жобасын мақұлдап, Парламент 12 заӊ жобасын қабылдады.

Ал Сенат 72 заӊды қабылдаған. Парламент қабылдаған құжаттардыӊ қатарында жерді шетелдіктерге жалға беру мен ел азаматтарына аукцион арқылы сатуды жыл соӊына дейін тоқтату туралы заӊ да бар. Жалпы, жаӊадан сайланған Мәжіліс небары үш ай жұмыс істеп үлгерді. Демалысқа асыққан депутаттар қатты шаршап қалса керек, ешкімді де сынаған жоқ. Сөйтіп, қос палатаныӊ бірлескен отырысы небары жарты сағатта аяқталды. Ал кіреберісте кім қайда барып демалатынын айтып жарысуда.

Серік Ақылбай, Сенат депутаты:

-Жазда мен Алматыда өзіміздіӊ санаторийде он күн боламын. Жұмыс істеймін, үй салып жатырмын.Мен негізі балық аулағанды жақсы көремін, осы Есілдіӊ бойында ақырындап жүріп балық аулаймын.

Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:

-Жақын арада қызымныӊ туған күні болады. Соған барып, балаларыммен1 аптадай демалғым келеді. Негізінде барлық аймақтарды аралап шығуға тырысамын.

Депутаттар шетел асып, теӊіз жағасында қыздырынатындарын да жасырмады. Сондықтан, әркім жеке кабинетіндегі қажетті құжат, заттарын жинап, түйіншектерін түюде. Кейбір халық қалаулылары ала жаздай ағылшыншаны үйренбек. Мәселен, мәжілісмен Арман Қожахметов әріптестері сынды шипажай жағалап кетпес бұрын, он күн жұмыс орнында қалып, шет тілін оқымақшы.

Арман Қожахметов, Мәжіліс депутаты:

-Ағылшынша бастадым. Кеше ғана бірінші сабаққа қатыстым. Тестілеуден өттім. Он күн оқимын.

Депутаттар демалыстан оралған соӊ жаӊа сессияда Жер, Салық кодексін, терроризмге қарсы күрес сынды ірі заӊ жобаларын қарайды. Тіпті сенаторлар лаӊкестерге ату жазасын кесу мәселесін де қайта көтермек.

Осылайша, түрлі заӊ жобаларын қызу талқыға салынатын, тартысты жиындар өтетін отырыс залдары уақытша босап қалды. Парламентте мүлгіген тыныштық. Енді депутаттар жұмыс орындарына қыркүйекте бір-ақ оралады. Шенеуніктер де бір сәтке тынығып қалатын болды. Өйткені министрлер алдағы екі айда мұнда келіп, есеп бермейді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны