14.11.2007, 18:33 2989

Қарағанды облысында заңсыз жер беру деректері анықталды

Қарағанды облысының Абай ауданының прокуратурасы заңсыз жер беру деректерін анықтады. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне Абай ауданы прокурорының аға көмекшісі Рахиля Ибеуова хабарлады.

Қарағанды. 14-қараша. "Қазақстан Бүгін" - Қарағанды облысының Абай ауданының прокуратурасы заңсыз жер беру деректерін анықтады. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне Абай ауданы прокурорының аға көмекшісі Рахиля Ибеуова хабарлады.

Оның айтуынша, Ақбастау аулы әкімінің үстіміздегі жылдың 13-ақпанындағы қаулысымен "Қарағанды аймақтық энергетикалық компаниясы" ЖШС-не трансформаторлық қосымша станцияның жер телімі уақытша ұзақ мерзімде пайдалануға ақысыз берілген.

"Бірақ Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 37-бабына сәйкес жер телімі мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тек уақытша ақылы негізде жер пайдалану құқығымен беріледі",- деп түсіндірді прокурордың аға көмекшісі. Р. Ибеуованың хабарлауынша, прокурордың наразылығымен заңсыз қаулының күші жойылған.

Сонымен қатар, Есенгелді аулының әкімінің үстіміздегі жылдың 26-қаңтарындағы қаулысымен Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылық министрлігінің "Қарағанды облысының ауылдарын сумен жабдықтау" жобасын жүзеге асыру тобына Есенгелді ауылының су құбыры желісін салуға қатысты жұмыстарын жүргізу үшін жер телімі берілген.

"Ал, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 71-бабына сәйкес жерге орналастыру, археологиялық және басқа да іздеу жұмыстарын жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар бұл жұмыстарын жер телімдерін тәркілеусіз жүргізеді. Осы жұмыстардың барлығын жүргізу үшін жер телімдерін пайдалану аудандық, қалалық атқарушы органдардың берген рұқсаты негізінде жүзеге асырылады. Ауыл әкімдеріне іздеу жұмыстары үшін жер телімдерін пайдалануға рұқсат беру құқығы берілмеген",- деп түсіндіріп өтті Р. Ибеуова.

Оның айтуынша, үстіміздегі жылы аудан прокуратурасы барлығы 18 тексеру жүргізген. 46 заң бұзушылық анықталып, 10 наразылық қанағаттандырылған, 10 заңсыз құқықтық актінің күші жойылып, 10 ұсыныс қаралған, 9 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны