12.02.2008, 17:44 2746

Қарағандыда "Валют-Транзит" банкі бойынша сот үкімі күшін жойды

Қарағандыда "Валют-Транзит" банкі бойынша сот үкімі күшін жойды

Қарағанды. 12-ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Бүгін Қарағандыда облыстық сот алқасы "Валют-Транзит" банкі бойынша үкімнің күшін жойды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Облыстық соттың жетекшісі Мұхамеджан Пакирдинов төрағалық еткен сот алқасы үкімнің күшін жойып, істі басқа судьяға қайта қарауға жіберді. Сонымен қатар, сот алқасы Андрей Біләлов, Ғабиден Сәнуарбаев және Максим Швачкоға қатысты жазалау шарасын тұтқындауға өзгерту туралы шешім қабылдады.

Іс прокуратура, жәбірленуші жақ ретінде танылған тарату комиссиясы және сотталушылардың қорғаушылары берген аппеляциялық шағым бойынша қаралған.

Мемлекеттік айыптаушы Марина Строкова айыптаушы жақ соттың заңға қайшы шешімдеріне, жаза жеңілдігіне және жазаның істеген ісіне қарай біркелкі болмағанына байланысты үкім күшін жоюды және істі жаңадан тергеуге қайта жіберуді талап етіп отырғанын жеткізді.

"Несиелер іс жүзінде жоқ фирмаларға бөлінген. Жалпы банк және клиенттер қалтасынан қаржы А. Біләловтың қалтасына келіп түскен. Ол тікелей тонаған. Ал сот болса, мұны ескермеді", - деді тарату комиссиясының төрағасы Жәмилә Омарханова тілшілерге берген сұхбатында.

Бұрын хабарлағанымыздай, банктің бұрынғы президенті Андрей Біләловты қосқанда бес адамға судья бірдей жаза тағайындаған еді, атап айтқанда 200 АЕК көлемінде айыппұл төлеумен шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айырып, үш жыл бойы банк қызметін атқаруға тыйым салған болатын. Банктің бұрынғы төрт қызметкері Ботагөз Көпеева, Ғабиден Сануарбаев, Светлана Панфилова мен Максим Швачкоға осы тектес үкім жарияланған.

Судья банктің тағы екі қызметкерін - Лариса Ким мен Светлана Паульді ақтап шығарған. Айыпталған жеті адам сот залында қамаудан босатылған болатын.

"Валют-Транзит" банктің бұрынғы жеті қызметкері сотқа тартылып, оларға ҚР ҚК жеті бабы бойынша айып тағылған болатын. Олар 193-баптың 2-тармағы (заңсыз жолмен алынған ақшаны ақтау); 182-бап (алдау арқылы мүлік шығынын келтіру); 192-бап (заңсыз кәсіпкерлік); 220-бап (банк қаржысын заңсыз пайдалану); 228-бап (коммерциялық ұйымдардың мүддесіне қарсы қылмыс, құзырын асыра пайдалану); 325-бап (жалған құжаттарды жасау); 218-бап (бухгалтерлік тәртіпті бұзу) бойынша сот алдында жауап берген болатын.

Қаржылық топтың қызметінен келген шығын 6,5 млрд теңгеге тең деп бағаланған. Тергеу болжамдары бойынша, барлық қаржы операциялары банкпен ауыз жаласқан компаниялардың есепшоттары арқылы жасалған. Қылмыстық істі тергеу барысында шығындарды қайтару мақсатында Қазақстан бойынша 519 нысанға тыйым салынды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны