26.05.2014, 21:10 3329

Кәрім Мәсімов малайзиялық инвесторларды ҮИИДМБ жүзеге асыруға қатысуға шақырды

Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Малайзия Премьер-Министрі Наджиб Тун Разак бастаған екі елдің үкіметаралық келіссөздері болып өтті.

Алматы. 26 мамыр. Kazakhstan today. Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Малайзия Премьер-Министрі Наджиб Тун Разак бастаған екі елдің үкіметаралық келіссөздері болып өтті.

Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымдағы мәселелерін талқылады, деп ҚР Премьер-Министрінің ресми порталы хабарлады. .

ҚР Үкіметінің басшысы Қазақстанда Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама сәтті іске асырылып жатқанын атап көрсетіп, малайзиялық инвесторларды осы бағдарламаға белсенді түрде қатысуға шақырды.

К.Мәсімовтің айтуынша, мұнай-газ және тау-кен, индустриялды өнеркәсіп, білім беру, шағын және орта бизнес, туризм салалары бойынша өзара іс-қимылды дамытудың болашағы зор.

"Қазақстан Үкіметі жасалған шарттарға 10 жылға тұрақтылық беру, салық жеңілдіктері мен шетелдік мамандарды тарту сияқты инвесторларға жаңа мүмкіндіктер беруді көздейтін заң жобасын дайдындады",- деді ҚР Премьер-Министрі.

Сондай-ақ, К.Мәсімов малайзиялық тарапты Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырды.

Өз кезегінде Н.Разак Қазақстан мен Малайзия арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып отырғанын атап өтті.

"Қазіргі таңда Қазақстанда қуатты экономикалық өсім байқалып отыр. Бізде екі жақты әріптестікті әрі қарай дамытудың үлкен әлеуеті бар",- деді Малайзия Премьер-Министрі.

Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Маңғыстау облысының әкімдігі мен "Kazakhstan Methanol Limited" және "Kenmakmur Holding Sdn. Bhd." компаниялары арасында осы өңірде метанол және сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыттардың құрылысы жөнінде шекті келісімге қол қойылды.

Жамбыл облысының әкімдігі мен "Agrostan Farms Sdn. Bhd." компаниясы мал шаруашылық фермаларын құру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны