07.09.2006, 16:50 2909

Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу туралы заңның жобасын таныстырды

АСТАНА. 7-қыркүйек. Kazakhstan Today. Бүгін Астанада қаржы министрлігі "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңның жобасын таныстырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бұл заңның жобасында басты критерийлер ретінде бірінші кезекте тапсырыс беруші тарапынан салалық шараларды талап етілген мерзімде атқарып шығу, сондай-ақ, тапсырыс берушінің сапалы тауарлар, жұмыстар мен қызмет түрлерін сатып алуы үшін мемлекеттік сатып алуды дер кезінде өткізу қарастырылған",- деді Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитетінің төрағасы Инурбек Сұлтанғазин бүгін баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, "егер қолданыстағы заң мемлекеттік сатып алу жүйесінің екі субьектісі арасындағы қарым-қатынасты реттеуге, нақтырақ айтсақ, тапсырыс беруші мен потенциалдық сатып алушы арасындағы қарым-қатынасты реттеуге бағытталса, жаңа заңның жобасында жүйенің барлық субьектілері арасында мемлекеттік сатып алу саласындағы іс-шараларды жүзеге асыру барысында пайда болатын қарым-қатынастар реттеледі деп көрсетілген".

Заң жобасында сонымен бірге тараптардың мүддесін консалтингтік ұйымдардың қатысуымен қорғау мүмкіндігі қарастырылған.

Заң жобасында мемлекеттік сатып алулардың автоматтандырылған мәліметтер депозитарийін құру мүмкіндігі де қарастырылған. "Шын мәнінде бұл сатып алуды электрондық тәсілмен жүргізуге көшуді білдіреді. Оны біз заңнамалық негізде енгізіп, осындай депозитарий құрмақпыз",- деді комитет басшысы.

И.Сұлтанғазиннің айтуынша, заң жобасы 15-тамызда үкіметке енгізілді. Құжат авторлары ол қыркүйек айында парламентке ұсынылады дегенге сенім білдіруде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны