17.05.2007, 14:15 3010

Қаржы министрлігінің салық комитеті төрағасының орынбасары экономикалық қылмыстарға қатысы бар күдікті деп танылып отыр

АСТАНА. 17-мамыр. Kazakhstan Today. Қаржы министрлігінің салық комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Қанатов экономикалық қылмыстарға қатысы бар күдікті ретінде тұтқындалды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Қожамжаров мәлім етті,деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қаржы министрлігінің салық комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Қанатовтың үстінен қызмет бабындағы құзыретін асыра пайдалану, салық төлеуден жалтару деректері бойынша қозғалған жеті іс бойынша тексеру жүргізілуде", - деді Қ. Қожамжаров.

Оның айтуынша, аталған істер бойынша шығын көлемі 136,5 млн теңгеге жетеді.

Қаржы полициясының мәліметтерінше С. Қанатов Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда және Қарағанды облыстарында филиалдары бар "KZ-Консалт" атты ЖШС құрған. ЖШС республикалық есепте тұрған "PetroKazakhstan Kumkol Resources", "Қазақстан темір жолы" секілді салық төлеушілермен консалтингтік қызмет көрсету туралы шартқа отырған. Қ.Қожамжаровтың айтуына қарағанда, "әкімшілік заң бұзған кәсіпорындарды Қанатовтың өзі заңсыз сылтаулармен айыппұлдардан босатып отырған".

Қ.Қожамжаровтың айтуынша, аталмыш ЖШС 2003 және 2006-жылдың ақпан айлары аралығында 21,5 млн теңге көлеміндегі түрлі салық пен бюджетке төленетін міндетті төлемдерден жалтарған. Сонымен бірге серіктестік жалған кәсіпорындардың қызметін пайдалану арқылы 149 млн теңгеден астам қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырған. Қ.Қожамжаровтың айтуынша, бұл деректі "Астана қалалық салық комитетінің қызметкері жасырып қалған, оның үстінен де қызметтегі жалғандық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды".

ҚР экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасарының хабарлауынша, қазір С.Қанатовқа айып тағылып, ол қамауға алынды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны