17.05.2007, 16:27 3312

Қаржы полициясы Маңғыстау облысының бұрынғы әкімін парақорлығы үшін айыптап отыр

АСТАНА. 17-мамыр. Kazakhstan Today. Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Болат Палымбетовқа аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылуда. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Қожамжаров мәлім етті,деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Оның айтуынша, қазір Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Болат Палымбетовқа қатысты қылмыстық іс тексеріліп жатыр. "Оған ҚР қылмыстық кодексінің 311-бабының 4-тармағы бойынша, басқаша айтқанда, аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылуда",- деді қаржы полициясы төрағасының орынбасары.

Қ. Қожамжаровтың түсініктемесіне сәйкес, "Палымбетовқа Ақтау қаласының сәулетті ауданынан жер телімін бөліп бергені үшін құны 23 млн теңге тұратын дайын тұрған коттедж түрінде пара алғаны үшін айып тағылуда". Қаржы полициясының ақпаратына сәйкес, қылмыстық іс кешікпей сотқа жолданады.

Палымбетов 1998-жылы "Қазақстанның Халықтық жинақ ақша банкі" ААҚ-ның басқармалары төрағасының орынбасары, 1999-жылы Атырау облысы әкімінің орынбасары болды. 2002-жылдың ақпан айынан 2006-жылдың қаңтары аралығында Маңғыстау облысының әкімі қызметін атқарды. 2006-жылдың ақпан айында экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі болып бекітілді. Кейінгі уақытта сауда-саттық, делдалдық және жанар-жағармай сатумен шұғылданатын "Меркурий" АҚ басқарды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны