23.02.2007, 17:17 3750

Кәсіптік білім беру және білікті техникалық кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың жай-күйі бүгін үкіметте талқыланды

АСТАНА. 23-ақпан. Kazakhstan Today. Кәсіптік білім беру және білікті техникалық кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың жай-күйі бүгін ҚР премьер-министрінің орынбасары, экономика және бюджеттік жоспарлау министрі А.Мусиннің төрағалық етуімен өткен кеңесте талқыланды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

2006 жылдың 8 желтоқсанында Шетелдік инвесторлар кеңесінің 16-шы отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде кәсіптік және техникалық білім беруді одан әрі дамытудың маңыздылығына, жоғары білікті техникалық мамандарды даярлау мен бейімдеудің қажеттілігіне тоқталып, Қазақстан Республикасының үкіметіне техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырған. Кеңесте ҚР білім және ғылым министрі Ж. Түймебаев баяндама жасап, Елбасының мемлекеттік бағдарлама әзірлеу жөніндегі тапсырмасына орай жұмыс тобы құрылғанын, оның құрамына бірқатар министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық және шетелдік компаниялардың өкілдері кіргенін хабарлады. Бұдан басқа, биылғы жылдың 5 ақпанында министрлікте техникалық және кәсіптік білім беру департаменті ашылды. Қазіргі таңда елімізде кәсіптік білім беретін 830 оқу орны тіркелген. Оның ішінде 320 кәсіптік мектеп болса, 510 колледж бар. Бұл білім ошақтарына жыл сайын 200 мыңға жуық студент қабылданады. Білім және ғылым министрінің айтуынша, кәсіптік және техникалық білім беру саласына бөлінген қаражаттың аздығынан оқу орындарының материалдық- техникалық базасы соңғы 15 жылда жаңармаған.

Бүгінгі таңда Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында 87 мемлекеттік және жалпы білім беру стандарттарын әзірлеп, жетілдіруге қаражат бөлінді. Инвесторлар кеңесінің Еуропалық қауымдастығымен бірлесіп, саланы қаржыландырудың еуропалық жүйесі зерттеліп жатыр. Сонымен қатар, еліміздің аймақтарында облыстық әкімдіктермен бірлесіп, кәсіптік білім беру орталықтарын құру туралы тапсырмаға сай, білім ошақтарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Шетелдік инвесторлар мен әкімдіктердің және оқу орындарының арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды.

Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер Аслан Мусин білім және ғылым министрлігінің алдында тұрған негізгі міндет орта буын мамандық иелерін даярлаудың тиімді жүйесін құру екенін атап өтті. Бұл орайда, жоғары және кәсіптік кадр даярлау жүйесіндегі алшақтықты азайту керек.

"Ир облыста ең кемі 17 кәсіптік-техникалық мектеп бар. Олардың материалдық жағдайы өте ауыр. Қайта жаңарған немесе жаңа кәсіптік-техникалық мектептер әуелден үлгілі, әлемдік стандарттарға сай боулы тиіс. Мемлекет басшысы бізге осындай тапсырма жүктеп отырғанда, облыс әкімдері жауапкершілікті өз мойындарына алуы керек"- деді, А. Мусин.

Жұмыссыз жүрген азаматтарды кәсіби қайта даярлау мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Вице-премьердің пайымдауынша, "жұмыссыз жүргендердің арасында елге пайдасы тиер бейімді азаматтар жетерлік. Бұл орайда, аймақтарда мамандарды қайта даярлау орталықтарын құру керек".

Вице-премьер білім және ғылым министріне кеңес барысында көтерілген тапсырмаларды мемлекеттік бағдарламаға енгізуді тапсырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны