Каспий теңізі күні 12 тамызда атап өтілуде
Сурет: ҚР Экология министрлігі
12 тамызда Каспий теңізі күні атап өтіледі. Бұл дата Тегеран конвенциясының - Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның күшіне енуімен байланысты. Құжат осыдан 20 жыл бұрын, 2006 жылғы 12 тамызда күшіне енді, деп хабарлайды ҚР Экология министрлігі.
Каспий теңізі күні қарсаңында "Таза Қазақстан" экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы шеңберінде "Caspian Sea Action Week 2026" халықаралық волонтерлік апталығы өткізілуде. Апталық іс-шараларына Каспий маңы мемлекеттері - Әзербайжан, Ресей Федерациясы, Иран және Түрікменстанның делегациялары, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан өкілдері, волонтерлер, экологиялық белсенділер, сарапшылар мен жастар қатысты.
6 тамызда Халықаралық волонтерлік апталықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Алғашқы екі күнде экологиялық мониторингтің заманауи технологияларына және Каспий маңы елдері жүргізіп жатқан ғылыми зерттеулерге арналған халықаралық семинар мен дөңгелек үстел өтті.
8 тамызда Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың қатысуымен өткен "Caspian Clean Challenge" халықаралық экологиялық марафоны болды. Волонтерлер плоггинг форматында жағалау аумағында ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізіп, қалдықтарды жинау және сұрыптауды жүзеге асырды, сондай-ақ экологиялық бастамалар мен жасыл технологиялармен танысты. Сол күні "Каспий өңірі волонтерлерінің достық аллеясы" ашылып, онда 80-нен астам ағаш отырғызылып, болашақ ұрпаққа арналған үндеулер жазылған "Уақыт капсуласы" орналастырылды.
9 тамызда Бозжыра шатқалында "Bozzhyra Clean Up" акциясы өтті. Қатысушылар Маңғыстаудың бірегей табиғи ландшафтарымен танысып, табиғи аумақтың тазалығын сақтауға бағытталған экологиялық сенбілік өткізді.
10-11 тамызда "Caspian Innovation Lab" халықаралық хакатоны өтті. Оның қатысушылары Каспий өңірінің экожүйесін сақтауға бағытталған жобаларды әзірлеп, сарапшылар назарына ұсынды. Сонымен қатар TED форматында ашық микрофон ұйымдастырылып, ол экобелсенділер мен сарапшылар арасында тәжірибе алмасуға және өзекті экологиялық мәселелерді талқылауға арналған алаңға айналды.
Апталықтың қорытынды іс-шарасы 12 тамызда өтетін "Caspian Talks" халықаралық волонтерлер саммиті болады. Саммит аясында халықаралық хакатон жеңімпаздарын марапаттау рәсімі және тәжірибе алмасу мен өзекті экологиялық сын-қатерлерді талқылайды.
Caspian Sea Action Week 2026 Каспий теңізін сақтауға бағытталған экологиялық акцияларды, ғылыми пікірталастар мен волонтерлік жобаларды біріктірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

