23.12.2008, 15:59 4353

Қазақстан еңбек мигранттарын қабылдаушы жетекші елдердің арасында 9-шы орында

Қазақстан еңбек мигранттарын қабылдаушы жетекші елдердің арасында 9-шы орында

Астана. 23 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін"- Қазақстан еңбек мигранттарын қабылдаушы жетекші елдердің арасында 9-шы орында. Бұл туралы бүгін сенат депутаты Иділ Ахметов ғылыми-тәжірибелік конференцияда мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Сенаттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін парламент сенатында палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен "Қазақстан Республикасындағы халықаралық еңбек көші-қонының өзекті мәселелері және оларды заңнамалық реттеу жолдары" тақырыбы бойынша ғылыми-тәжірибелік конференция болды.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бастамасы бойынша өткен еңбек көші-қоны үдерістерін құқықтық жетілдіру мәселелерін талқылауға Парламент депутаттары, орталық және аймақтық атқарушы органдардың басшылары, дипломатиялық корпустардың, ғылыми орта мен қоғамдық сектордың өкілдері қатысты.

Жиынды аша келіп Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов көші-қон үдерістерінің тиімді тетіктерін қалыптастыру мен реттеуге бағытталған ұлттық көші-қон заңнамасын одан әрі жетілдірудің маңыздылығын белгіледі.

Адамдар ағынының тез өзгеруіне әлем қоғамдастығының алаңдаушылығын және оның осы үдерістерді реттейтін саясат әзірлеуге мүдделілігін атап өте келіп сенатор Иділ Ахметов елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз көші-қонмен күрес Қазақстан көші-қоны саясатының маңызды құрамы екенін айтты. Сонымен бірге ол Көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы ел ішіндегі және сыртқы еңбек көші-қонын ұйымдастыруды реттеу мен қадағалауда мемлекеттің жауапкершілігін көрсетеді деп атап өтті.

Қазақстан өркениетті көші-қон ұйымдастыруды жақтайды - бұл заңсыз мигранттармен күрес қана емес, бірінші кезекте, заңсыз көшіп-қону себептерін жою, көшіп-қонушыларды әлеуметтік қорғау үшін жағдай жасау және шетелдік мамандарды тартуды заңнамалық актілермен реттеу шаралары.

"Біз мұнда үкіметтік емес секторға және бірінші кезекте кәсіподақтардың белсенді рөліне үміт артуға құқымыз бар. Сонымен бір уақытта кәсіпкерлікке оның әлеуметтік рөлі мен жауапкершілігі туралы еске салуымыз керек", - деді депутат.

Палата төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпей, сенаторлар Ибіш Кекілбай, Ғани Қасымов, Сәрсенбай Еңсегенов заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ осы саладағы ахуалды жақсарту туралы өз ойларын ортаға салды.

Жиында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Т.Дүйсенова, сыртқы істер министрінің орынбасары Н.Дәненов, әділет министрінің орынбасары Д.Құсдәулетов, еліміздің Конституциялық Кеңесінің мүшесі А.Нұрмағанбетов, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының жанындағы Илемдік экономика және саясат институтының директоры М.Шайхутдинов сөз сөйледі.

Басқосуда көші-қон заңнамасын одан әрі жақсарту туралы ойларымен Атырау облысы әкімінің орынбасары С.Кемалов, "Атамекен" одағының" өкілі Т.Никитинская, Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы миссиясының басшысы М.Надери бөлісті.

Талқылау қорытындысы бойынша халықаралық еңбек көші-қонының өзекті мәселелерін шешуге және оны заңнамалық тұрғыда реттеу жолдарын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеу ұйғарылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны