15.12.2006, 17:54 3608

Қазақстан халықты жаппай қырып-жоюға бағытталған қаруды таратпау режимін нығайтуға бағытталған белсенді саясат жүргізетін болады - президент

АСТАНА. 15-желтоқсан. Kazakhstan Today. Қазақстан халықты жаппай қырып-жоюға бағытталған қаруды дүниежүзінде таратпау режимін нығайтуға бағытталған белсенді саясат жүргізетін болады,- деп мәлімдеді бүгін президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында республика тәуелсіздігінің 15-жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.

"Біздің еліміз ядролық қарудан бас тарту, халықты жаппай қырып-жоятын қарудың таралуына шектеу қою жөніндегі ғаламдық процесті дамытуға өзінің бітімгершілік үлесін қосты. Ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, ядролық полигонды жабу арқылы әлемге бұрын-соңды болмаған үлгі көрсеткен ел ретінде Қазақстан бұдан былай да қазіргі әлемде халықты жаппай қырып-жоюға бағытталған қаруды таратпау режимін нығайтуға бағытталған белсенді саясат жүргізетін болады",- деп мәлімдеді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы "тәуелсіздік алған алғашқы сәттерден бастап Қазақстанның тек ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етумен ғана шектеліп қалмай, тұрақтылыққа мейлінше кең көлемде арқау-негіз қалауға талпынып келгенін" атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің сыртқы саяси іс-қызметі, соның ішінде Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы сынды халықаралық қауіпсіздік құрылымдарына қатысуы дәл осы мақсатқа бағытталған.

"Бір маңызды нәтижелердің бірі - біз өз айналамызда меймандос мемлекеттерді топтастыра алдық. Және осы жылдарда Қазақстан әлемдегі бірде-бір мемлекетпен дүрдараз болып көрген емес. Еліміздің қазіргі халықаралық беделінің биіктеуі - біздің ел ішіндегі жетістіктеріміздің, еліміздің табанды түрде бейбітшіліксүйгіш саясат жүргізуінің, сондай-ақ, ядролық қарудан бас тарту, Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі кеңес ұйымын құру, әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің құрылтайларын өткізу, лаңкестікке қарсы күрес пен бітімгершілік миссияларға қатысуы секілді ірі халықаралық бастамалар көтеруінің тікелей жемісі",- деді президент.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны