16.01.2013, 10:21 4317

Қазақстан келесі жылдан бастап әлем елдерін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақыра бастайды

"Тіркеу кезеңінен өткеннен кейін, келесі жылдан бастап әлем елдеріне көрмеге қатысуға шақыру жібере бастаймыз. 2014 жыл бойына елдер біздің шақыруларымызды қабылдаса, біздің ұсынысымызды қабылдаған елдермен жылдың соңына қарай алғашқы техникалық кездесу өткізіліп, көрмеге қатысудың ережелері түсіндіріледі деп ойлаймыз",- деді ХКБ бас хатшысы.

Астана. 16-қаңтар. Kazakhstan Today - Қазақстан келесі жылдан бастап әлем елдерін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақыра бастайды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

"Тіркеу кезеңінен өткеннен кейін, келесі жылдан бастап әлем елдеріне көрмеге қатысуға шақыру жібере бастаймыз. 2014 жыл бойына елдер біздің шақыруларымызды қабылдаса, біздің ұсынысымызды қабылдаған елдермен жылдың соңына қарай алғашқы техникалық кездесу өткізіліп, көрмеге қатысудың ережелері түсіндіріледі деп ойлаймыз",- деді ХКБ бас хатшысы.

Висенте Лоссерталестің атап көрсетуінше, Мемлекеттік корпорация, Ұйымдастыру комитетін және басқа да құрылымдар құру сияқты қабылданған шаралар саяси бақылауға бағытталып отыр және олар ХКБ ұйымының ережесіне және көрмені өткізу тәжірибесіне сай келеді.

"Одан кейін, бірінші кезекте, көрмені өткізудің барлық аспектілерін зерделеу керек. Бұл жерде құрылыстар салу, коммуникациялық саясат, көрме тақырыбын мазмұндау туралы сөз болып отыр. Осы мәселелердің мән-жайлары анықталғаннан кейін, біз басқа елдердің жекеменшік компанияларын ынтымақтастыққа және ЭКСПО көрмесін өткізуге көмекке шақыра аламыз", деді ол.

ХКБ бас хатшысы сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру бойынша маңызды шешімдердің жедел қабылдануын атап көрсетті. "Үкімет бір айдың ішінде барлық ұйымдастырушылық шараларды қабылдады. 2015- 2017 жылдар аралығында жобаны іске асыру кезеңі өтеді", - деп түсіндірді В. Лоссерталес.

ҚР вице-премьері Қайрат Келімбетов өз кезегінде, Халықаралық көрмелер бюросы бас хатшысының Қазақстанға келу сапарының мақсаты туралы әңгімелеп берді.

"Лоссерталес мырзаның Қазақстанға келудегі мақсаты сол, ол бізге көрмені дұрыс жоспарлауды, қандай құжаттар мен стратегиялар қабылдауды және бизнес-қоғамдастықпен, көрмеге мүше елдермен жұмысты қалай жүргізуді үйрететін болады", - деді Қ.Келімбетов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны