19.06.2014, 20:21 2838

Қазақстан Корея инвестициясының Орталық Азиядағы ірі нарығы болып саналады

Пак Кын Хе ынтымақтастықтың жаңа форматын әзірлеу жөнінде келісімге қол жеткізілгенін, оның аясында синергиялық нәтижені пайдалану үшін ресурстар мен технологиялар біріктірілетінін хабарлады.

Алматы. 19 маусым. Kazakhstan today. Қазақстан мен Корея Республикаларының көшбасшылары құжаттарға қол қойғаннан кейін мәлімдеме жасады, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасы Президентінің сапары түрлі бағыттар бойынша жақсы дамып келе жатқан екіжақты іс-қимылдар қарқынын күшейтетіндігіне сенім білдірді.

"Оңтүстіккореялық серіктестермен шикізаттық емес саладағы ынтымақтастық жүйелі түрде кеңейіп келеді. Қазірдің өзінде 300-ден аса бірлескен кәсіпорын құрылды, соның ішінде жеңіл автомобильдер мен жүк және жолаушы тасымалы көліктерін құрастыру кәсіпорындары бар. Балқаш ЖЭС-ның, Атырау облысындағы газ-химия кешені құрылысы, "Жамбыл" кенішін игеру секілді ірі жобалар табысты ілгерілеуде. Сондай-ақ келіссөздер барысында біз Пак ханыммен бірге корейлік бизнестің Қазақстанның үдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысуы жайын талқыладық. Тараптар "технологияларды ресурсқа алмастыру" формуласы бойынша ынтымақтасуға мүдделі екендігін қуаттады", - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы бизнеске жақсы мүмкіндіктер ұсынатын "Инвестициялар туралы" жаңа заңға қол қойылғанына назар аударды.

"Компаниялар корпоративтік және табыс салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Олардың күрделі шығындарының 30 пайызы өтеледі. Жұмыс күшін тарту квотасыз және рұқсаттамаларсыз жүзеге асады, сондай-ақ біздің елдеріміз арасында визасыз режим орнатылды. Осының бәрі екі мемлекет үшін де ыңғайлы және тиімді бизнестік ахуал қалыпастырады", - деді Қазақстан Президенті.

" Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы бүкіл тарихымыздағы рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстан Корея инвестициясының Орталық Азиядағы ірі нарығы болып саналады. Біз бірлескен үш үлкен жобаның - Балқаш ЖЭС құрылысының, Атырау облысындағы газ-химия кешенінің, "Жамбыл" кенішінің игерілуінің жүзеге асырылуына қатысудамыз. Сонымен қатар біз Теңіз кен орнында өндіріс аясының кеңейтілуі тәрізді жаңа жобаны ілгерілетудің көзделіп отырғанын да қолдаймыз", - деді Корея Республикасының Президенті.

Пак Кын Хе ынтымақтастықтың жаңа форматын әзірлеу жөнінде келісімге қол жеткізілгенін, оның аясында синергиялық нәтижені пайдалану үшін ресурстар мен технологиялар біріктірілетінін хабарлады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны