20.11.2015, 15:36 4064

Қазақстан мен Ауғанстан президенттерініӊ келіссөздері қорытындысына арналған бірлескен брифинг

Қазақстан Президенті өткен келіссөздер барысында екі елдіӊ сауда-экономикалық ынтымақтастығын әсіресе қазіргідей 400 миллион доллар шамасындағы өзара тауар айналымы көлемініӊ жеткіліксіздігі жағдайында жандандыра түсу мәселесі басты тақырып болғанын атап өтті

Астана. 20 қараша. Kazakhstan Today - Қазақстан Президенті өткен келіссөздер барысында екі елдіӊ сауда-экономикалық ынтымақтастығын әсіресе қазіргідей 400 миллион доллар шамасындағы өзара тауар айналымы көлемініӊ жеткіліксіздігі жағдайында жандандыра түсу мәселесі басты тақырып болғанын атап өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Мемлекет басшысы Ауғанстанға 600 мыӊ тоннадан астам Қазақстан астығын жеткізуге, сондай-ақ жол салу, құрылыс материалдарымен, локомотивпен және вагондармен қамтамасыз ету ісінде көмек көрсетуге қатысты уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанныӊ Ауғанстанды қиын кездерде әрдайым қолдағанына тоқталды. Атап айтқанда, 2002 жылдан бастап 20 миллион доллардыӊ азық-түлігі жеткізілді, құқық қорғау органдарыныӊ қызметін нығайту үшін қаражат аударылды және ауған студенттерініӊ біздіӊ елде білім алуы үшін 50 миллион доллар бөлінді.

Біз Ауғанстанныӊ дамуын қамтамасыз ету үшін қолдан келетін көмекті жалғастыра береміз, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Ауғанстанныӊ жер қойнауы пайдалы қазбаларға бай екеніне және геологиялық барлау жұмыстарына тартылуы мүмкін мамандардыӊ біздіӊ елде бар екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы келіссөздер аясында екі елдіӊ тиісті қызметтерініӊ терроризмге қарсы күресте өзара ықпалдасу мәселелері талқыланған айтты.

Қазақстан мен Ауғанстан көшбасшыларыныӊ халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастық мәселесіндегі мүдделерініӊ үндесетіні де атап өтілді.

Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы дамыту және халықтыӊ әл-ауқатын тыныштық пен өзара келісім негізінде арттыру екі ел үшін де негізгі басымдық болып саналатынына назар аударды.

Елбасы Ауғанстан Президентініӊ біздіӊ елге сапары екіжақты қарым-қатынастарға пайдасын тигізіп, ынтымақтастықты жоғары деӊгейге шығаруға ықпал ететініне сенім білдірді.

М.Ғани өз сөзінде Ауғанстанныӊ Қазақстанмен және жалпы Орталық Азия елдерімен ынтымақтастыққа мүдделі екенін растайтынын атап өтті.

Ауғанстан Президенті өзі басқарып отырған елге "Қазақстан жолы" тұрақтылықты нығайту және экономиканы дамыту ісінде үлгі болатынын айтты.

Ауған тарапыныӊ екі елдіӊ сауда-экономика, көлік, инвестиция және азық-түлік салаларындағы ынтымақтастығы іс жүзінде табысты болады деп үміттенетіні де атап өтілді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны