15.10.2015, 15:17 3833

Қазақстан мен Ресей Президенттерініӊ келіссөздер қорытындысына арналған бірлескен брифингі

Мемлекет басшысы брифинг барысында Ресей Президенті сапары мәртебесініӊ биіктігі екі ел қарым-қатынасыныӊ ерекше сипатын айғақтайтынын атап өтті

Астана. 15 Қазан. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы брифинг барысында Ресей Президенті сапары мәртебесініӊ биіктігі екі ел қарым-қатынасыныӊ ерекше сипатын айғақтайтынын атап өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Қазақстан мен Ресейдіӊ арасында өзара іс-қимылдыӊ, достық пен ынтымақтастықтыӊ ілгеріден келе жатқан және нағыз табысты тәжірибесі қалыптасқан. Біздіӊ әрбір кездесуіміз бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі нақты уағдаластықтарға, ынтымақтастықтыӊ өзара тиімді шартқа негізделген жаӊа бағыттарын айқындау мәселелеріне арналады, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл туралы Ақорданыӊ баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазақстан Президенті қазіргі күрделі ахуалды ескере отырып, келіссөздерде экономикада үйлесімді іс-қимылдар жүргізу мәселесі басты тақырып болғанына назар аударды.

Бұл үшін бізде екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да қажетті нәрсеніӊ бәрі бар. ЕАЭО-ны құрудыӊ өзі елдеріміз үшін маӊызы зор игі қадам болып саналады. Қазақстанныӊ өнім өндірушілері ЕАЭО-ға мүше елдердіӊ ауқымды нарығына шектеусіз қол жеткізді. Енді осы нарықта орнығу үшін тауар мен жұмыс және қызмет көрсетудіӊ бәсекеге қабілеттілігін арттыру керек, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер кезінде әлемдік экономикадағы түйткілдердіӊ салдарын жеӊілдету үшін бірқатар нақты шаралар белгіленгенін айтты.

Бұл - Ресейдіӊ газы мен мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға транзиттеу, Каспийдегі "Центральное" және Хвалынское" кеніштерін бірлесіп игеру, көмір өнеркәсібі саласында ынтымақтасу, транзит үшін Каспий теӊізініӊ бойымен Парсы шығанағына шығатын жаӊа жолды пайдалану жайын пысықтау мәселесі. Біз "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" жобасыныӊ аяқталуы, сондай-ақ инфрақұрылымдық саладағы ынтымақтастық туралы арнайы сөйлестік. Осы бағыттардағы серіктестікті дамыту үшін зор әлеуетіміз бар, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі елдіӊ сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимылыныӊ келешегіне бөлек тоқталып өтті.

Ресей Қазақстанныӊ сауда саласындағы дәстүрлі ірі серіктесі болып саналады. Өзара тауар айналымыныӊ орташа жылдық көлемі шамамен 21 миллиард долларды құрайды. Ресей компаниялары Қазақстанныӊ ірі көмірсутек шикізаты кеніштерін игеруге қатысуда. Қазақстанда ресейлік капиталдыӊ қатысы бар 5600-ден астам кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Бүгінде Қазақстанныӊ Индустрияландыру картасы аясында қазірді өзінде бірлескен 20 ірі инвестициялық жоба іске асырылды, 4-еуі атқарылып жатыр, тағы 3-еуі болашақта қарастырылмақ, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Іс-шара барысында сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерге қатысты Қазақстан мен Ресейдіӊ ұстанымдары айтылды.

Біз Минск уағдаластықтарыныӊ жүзеге асырылу барысын, жаһандық және өӊірлік ұйымдар аясындағы ықпалдастық аясын, әсіресе Орталық Азия өӊіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздік мақсатында кеӊейту мәселелерін талқыладық. Бұл ретте Ауғанстандағы, Сирия мен Ирактағы ахуалдыӊ мәні зор. Біз Владимир Владимировичпен осы өӊірде қалыптасқан жағдайды талқыладық. Бүгінде шииттер мен мен сүнниттер арасындағы текетіресті өз мақсатына пайдалану белсенді жүруде. Алайда бұл әӊгімелер шындыққа еш жанаспайды. Сирияда болып жатқан жайт - біздіӊ бәріміз үшін, әсіресе Орталық Азия өӊірі үшін ортақ қатер. Осыған байланысты біз "Ислам терроризмге қарсы" форумын өткізу идеясын ұсынып отырмыз, - деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан мен Ресейдіӊ әлемдегі ахуалдыӊ өрістеуіне және оны бағалауға қатысты көзқарастары ортақ екені, екі елдіӊ халықаралық мәселелерді шешу жөніндегі қадамдарыныӊ тығыз үйлесімділігі, бұл мәселелер бойынша пікір алмасулар мұны тағы да дәлелдегені атап өтілді. Соӊында Нұрсұлтан Назарбаев Ресей тарапына Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер А.Айымбетовтіӊ ғарыш экспедициясын ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін алғыс айтты.

Ресей Президенті өз сөзнде бүгін сындарлы әрі мазмұндыы келіссөздер өткенін атап көрсетті.

Дәстүр бойынша бұл кездесулер ашық әрі достастық ыӊғайында өтті. Біз сауда, инвестиция, энергетика, көлік, ғарыш, атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану сияқты салаларға айрықша көӊіл бөліп, екіжақты қарым-қатынастардыӊ барлық мәселелері бойынша пікір алмастық, - деді В.Путин.

***

Ресей Президентініӊ Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында төмендегідей екіжақты құжаттарға қол қойылды:

- Жер қойнауын пайдалануға қатысты егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теӊізініӊ солтүстік бөлігініӊ түбін межелеу туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 1998 жылғы 6 шілдедегі келісім хаттамасына өзгерістер енгізу туралы хаттама;

- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

- Қазақстан Республикасыныӊ аумағындағы жер учаскесін пайдалана отырып, Домбаровский позициялық ауданынан зымырандар ұшыру кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібі туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы келісім.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны