04.04.2014, 20:40 2751

Қазақстан мен Ресей СІМ басшылары екіжақты ынтымақтастықты талқылады

ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавров екіжақты ынтымақтастық жайын талқылады.

Алматы. 4 сәуір. Kazakhstan today. ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавров екіжақты ынтымақтастық жайын талқылады.

Сыртқы істер ведомствосынан хабарлағандай, сапар барысында қазақстандық делегация мен РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бастаған ресейлік делегация арасында шағын және кеңейтілген құрамдарда толықформатты келіссөздер орын алды.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақстан-ресейлік ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқыға салды, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты.

Аймақаралық және шекаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша нақты қадамдарға, ғарыш, энергетика және көлік-коммуникация салаларында өзара ықпалдастықты кеңейтуге, сонымен қатар 2012 жылғы 19 желтоқсан күні екі елдің Президенттері бекіткен 2013-2015 ж.ж. арналған бірлескен іс-әрекет Жоспарын тиімді іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, сыртқы саяси ведомство басшылары халықаралық бірлестіктер аясындағы, соның ішінде ТМД, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК және БҰҰ шеңберіндегі өзара ықпалдастық мәселелерін, Орталық Азия өңірінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қарастырып, Каспий мәселесі бойынша пікір алмасты.

Е.Ыдырысов пен С.Лавров Украинадағы жағдай мен бұл елдегі дағдарысты реттеу жолдарын кеңінен талқыға салды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей сыртқы саяси ведомство арасындағы 2014 жылға арналған өзара ынтымақтасу жөніндегі іс-шаралар Жоспарына қол қойылды. Оның жүзеге асуы Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік және одақтас қарым-қатынастың тереңдеуіне мүмкіндік береді.

Е.Ыдырысов өзінің Мәскеуге сапары аясында ТМД және ҰҚШҰ сыртқы істер министрлер кеңесіне қатысатынынын жеткізді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны