21.12.2007, 14:53 4044

Қазақстан мен Ресейдің арақатынасы стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жаңаша сапалық деңгейіне көтерілді - Назарбаев

Қазақстан мен Ресейдің арақатынасы стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жаңаша сапалық деңгейіне көтерілді. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының оқытушы-профессорлар құрамымен кездесуде сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана. 21 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан мен Ресейдің арақатынасы стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жаңаша сапалық деңгейіне көтерілді.

Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының оқытушы-профессорлар құрамымен кездесуде сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазіргі уақыт талабы екі ел арасындағы қарым-қатынасты стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жаңаша сапалық деңгейіне көтеруге түрткі болды", -деп мәлімдеді Н. Назарбаев. Ол Қазақстан мен Ресей арасында қол қойылған және ХХІ ғасырға бағытталған Достық, ынтымақтастық және өзара одақтастық туралы келісім мен Мәңгілік достық және одақтастық туралы декларация дәстүрлі достық тату көршілік қарым-қатынастарға негіз қалап, екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге қызмет етеді, деді.

"Өзара түсіністік пен жоғары деңгейдегі сенімнің бір үлгісі 2005 жылы Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік шекарасы туралы тарихи келісімге қол қойылуы болып табылады. Бұл ұзындығы 7591 шақырымды құрайтын әлемдегі ең ұзын шекара. Осы оқиғаны Қазақстанда аса жоғары бағалайды. Ресей Федерациясымен келісімге қол қою арқылы біз еліміздің сыртқы шекарасын заңды рәсімдеу процессін толық аяқтап шықтық", - деді президент.

"Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынаста шешімін таппаған тауқыметтер жоқ. Белсенді жұмыс істеп, келісімге келу және ынтымақтастық орнату қажет", -деді ол.

Қазақстан мемлекет басшысының пайымдауынша, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың іргетасының беріктігі "тек тарихи-мәдени, өркениеттілік және саяси факторлармен ғана емес, сонымен бірге айқын да ашық прагматикалық өзара тиімді тұғырға негізделеді".

Атап айтсақ, президенттің хабарлауынша, екі жақты тауар айналымының көлемі 30% астам өсіп, болжам бойынша жыл қорытындысында $16 млрд асады. "Бұл әрине алыс-берістің шет-шегі емес", - деді Қазақстан президенті.

Н. Назарбаев Ресей Федерациясының бүгінде Қазақстанның мұнайгаз кеніштерін игеруге бағытталған бірлескен жобаларға белсене атсалысып отырғанын, Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы ұзақ мерзімді транзитті тасымалдау туралы келісімге және газ саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті. "Бұл ТМД аясында баламасы жоқ стратегиялық келісім-шарттары", - деді ол.

Сонымен бірге, Н. Назарбаевтың айтуынша, екі елдің энергетикалық жүйелері Орталық Азия елдерінің біріккен энергетикалық жүйесімен параллель жұмыс істеуде.

Қазақстан мен Ресей атом энергетикасы саласында да белсене ынтымақтасып, бірлескен кәсіпорын мен уранды байыту жөніндегі халықаралық орталық құруда. "Бұл ғаламдық ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына екі ел қосқан нақты үлес болмақ", - деді Қазақстан мемлекет басшысы.

"Бүгінде Қазақстан мен Ресей бірлесе құрған Еуразиялық даму банкі жұмыс істеуде. Ол екі елдің ғана емес, сонымен бірге басқа да ТМД елдерінің экономикасына инвестиция салуда", - деді ол.

Н. Назарбаевтың пайымдауынша, "Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери-саяси және әскери-техникалық ынтымақтастық та табысты дамып келеді". "Біз Ұжымдық қауіпсіздік шартының аясында тығыз ынтымақтаса жұмыс істеудеміз. Ресейдің қару-жарағасы мен әскери техникасын Ресейдің өз ішіндегі бағамен алу жөніндегі уағдаластықтың маңызы зор. Ресейдің жоғары әскери оқу орындпрында Қазақстан Қарулы күштерінің курсанттары оқып, офицерлері білімін шыңдауда", - деді президент.

Президент шекаралық ынтымақтастықтың да белсенді дамып келе жатқанын таап өтті. "Кейінгі уақытта мемлекет басшыларының қатысуымен шекаралық аумақтардың форумын өткізу дәстүрі қалыптасты", - деді ол.

"Біз ғарышты игеру саласында да белсене ынтымақтасып отырмыз.Ресейлік ғалымдармен бірлесе отырып Қазақстанның бірінші "КАЗСАТ" байланыс және хабар тарату жер серігі жасалып, орбитаға шығарылды. Біз Қазақстанның екінші жер серігін жасауды да жоспарлап отырмыз", - деді Н. Назарбаев.

"Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы ғасырлардың тереңіне тамыр жайған және бай тарихи дәстүрлермен байыған. Ежелден бері бейбітшіліксүйгіштік пен толеранттылықты, өзара компелементарлықты қанына сіңірген біздің халықтарымыз тарихы ортақ болған ұзақ мерзім мен ұлтаралық қарым-қатынас барысында саналық діл ортақтығы мен ашық мәдениетаралық диалогтың негізін қалыптастырды", - деді президент. "Ресей мен Қазақстан бүгінде посткеңестік кеңістікте әріптестік және одақтастық байланыстың үлгісін көрсетіп отыр. Бұл - екі мемлекеттің басшылығының шынайы тату көршілік ниеті мен саяси ерік-жігерінің, Қазақстан мен Ресейдің ұлттық мүдделерін өзара ескеру мен құрметтеудің жемісі. 8 жылға созылған Владимир Путиннің президенттік дәуірінде Ресей мен Қазақстан бір-біріне жақындай түсті. Бізді жақындастыра түсетін тағы бір фактор - біздің елдеріміздің кейінгі он-он бес жылда интеграциялық бір бағытта нық сеніммен алға жылжуы болды", - деді Қазақстан президенті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны