12.10.2012, 10:39 3411

Қазақстан мен Түркия түрлі салалардағы байланыстарын кеңейтуге мүдделі

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Республикасының Премьер-Министрі Режеп Тайып Ердоған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына арнап брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚР президентінің баспасөз қызметінен.

Анкара. 12-қазан. Kazakhstan Today - Қазақстан мен Түркия түрлі салалардағы байланыстарын кеңейтуге мүдделі, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Республикасының Премьер-Министрі Режеп Тайып Ердоған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына арнап брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚР президентінің баспасөз қызметінен.

Тараптар екі елдің ынтымақтастығының негізгі бағыттарын анықтау үшін Кеңесті өткізудің маңызды екенін атап өтті.

Брифинг барысында Нұрсұлтан Назарбаев Режеп Тайып Ердоғанға Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі үшін "Алтын Қыран" орденін тапсырды.

Мемлекет басшысы қатысып отырғандарға қарата айтқан сөзінде, Түркиямен дипломатиялық қатынастың орнағанына 20 жыл толуы аясында отырысты өткізудің маңызы зор болғанына тоқталды.

"Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасында шешімін таппаған проблема жоқ. Тәуелсіздігімізді бірінші болып таныған Түркияға біздің құрметіміз ерекше. Азаттықтың алғашқы жылдарынан-ақ Қазақстан мен Түркия арасында ынтымақтастықтың берік негізі қаланды. Осы уақыт аралығында біздің экономикалық қатынасымыз едәуір нығайып, қарқынды дамып келеді. Бүгінде Түркия Республикасы - біздің еліміздің ең жақын стратегиялық серіктесінің бірі. Тәуелсіздікпен бірге бауырлас елдер арасында тығыз мәдени байланыстар орнықты. Түрік халқына қалтқысыз құрметіміздің белгісі ретінде біз Есіл өзенінің жағасында Мұстафа Кемал Ататүрікке ескерткіш орнаттық", - деді Н.Назарбаев.

Қазақстан Президенті Түркия экономикасы соңғы жылдары әлемде он алтыншы, ал Еуропада алтыншы орынға көтеріліп, индустриясы қарқынды дамыған елге айналғанын атап көрсетті. Екі мемлекет те энергетика, көлік жүйесі, ауыл шаруашылығы, білім беру, құрылыс, шағын және орта бизнес, банк ісі және туризм салаларында екіжақты байланыстарды кеңейтуге мүдделі.

"Бүгін біз "Жаңа синергия" бағдарламасы жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойдық. Бұл стратегиялық бағдарлама ауқымды мақсатқа қол жеткізуге бағытталған. Атап айтқанда, екіжақты сауда көлемін 10 миллиард долларға, инвестиция көлемін жыл сайын 500 миллион долларға ұлғайту көзделуде. Түрік инвесторлары Қазақстанда белсенді жұмыс істейді деп үміттенеміз. Бүгін біз Қазақстан-Түркия индустриялық аймағын құру мәселесін талқыладық. Сонымен бірге, екі елдің үкіметаралық экономикалық комиссиясының тиімділігін арттыру жөнінде уағдаластық", - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елдер арасындағы іскерлік серіктестіктің дамуына ертең өтетін Қазақстан-Түркия бизнес-форумы үлкен мүмкіндік ашатынын айтты. Бизнес-форумға қазақстандық компаниялардың 50-ге жуық өкілі және Түркиядан кәсіпкерлік құрылымдардың 600 өкілі қатысады деп күтілуде. Форум аясында жалпы сомасы 1 миллиардқа жуық АҚШ доллары болатын 13 екіжақты құжатқа қол қою жоспарлануда.

"Қазіргі уақытта мәдени-гуманитарлық саладағы қазақ-түрік қатынастарының деңгейі жоғары. Біздің елдеріміз Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің және Астанадағы Түркі Академиясы қызметтерінің тиімділігін арттыруға елеулі күш-жігер жұмсауда. Бүгінде Қазақстанда 20-дан аса қазақ-түрік лицейі жұмыс істейді", - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бұл сапар мемлекетаралық серіктестіктің тереңдеуіне тың серпін беріп, барлық негізгі салада екіжақты ынтымақтастықтың жандануына жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Өз сөзінде Түркия Республикасының Премьер-Министрі Режеп Тайып Ердоған бұл сапар екі елдің өзара қарым-қатынасын жаңа сапалы деңгейге шығарғанына тоқталды.

"Біз Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысын өткізіп, бірқатар маңызды және мәнді құжаттарға қол қойдық. Бүгінде Қазақстан, тиімді және байыпты сыртқы саясатының арқасында, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға салмақты үлесін қосып келеді. Қазақстанда ұлтаралық келісім мен қарқынды экономикалық дамуды қамтамасыз ететін орнықты саяси жүйе қалыптасқан. Жаңа елорда - Астана шын мәнінде елдің өсуі мен өркендеуінің символына айналды", - деді Түркия Премьер-Министрі.

Сонымен қатар, Режеп Тайып Ердоған Нұрсұлтан Назарбаевты қазақстандық спортшылардың Лондон Олимпиадасындағы тамаша жетістіктерімен құттықтады.

"Біз Қазақстан Президентімен бірге біздің елдеріміздің іскерлік топтары арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға жан-жақты мүмкіндік жасайтын боламыз. Бүгінде Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал жасалған. Түрік бизнесінің инвестициялық қызметіне белсенді қолдау көрсеткені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа шын жүректен алғысымды айтамын", - деді Түркия Республиасының Премьер-Министрі.

Кеңестің бірінші отырысының қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдемеге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы Президенттерінің қолдауымен "Жаңа синергия" бірлескен экономикалық бағдарламасының 2012-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Түркия Республикасы Мемлекеттік қызметі директораты арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны