11.12.2008, 09:59 2118

Қазақстан негізгі сыртқы саяси басымдықтарының айнымайды - президент

Қазақстан негізгі сыртқы саяси басымдықтарының айнымайды - президент

Астана. 11 желтоқсан. "Қазақстан бүгін" - Қазақстан негізгі сыртқы саяси басымдықтарының айнымайды. Бұл туралы кеше Ақордада президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус басшыларымен дәстүрлі жыл сайынғы кездесуінде айтты, деп хабарлайды агенттік тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуді ашқан мемлекет басшысы жыл өткен сайын бұл отырысқа қатысушылардың саны артып келе жатқанын қанағаттанғандықпен атап өтті.

Бүгінгі күні елімізде 75 елшілік пен халықаралық ұйымдардың өкілдіктері жұмыс істейді. Тек биылғы жылдың өзінде Астанада шетелдердің 12 елшілігі ашылды. Олардың бесеуі жаңадан ашылса, жетеуі Алматыдан көшіп келген.

Н.Назарбаев өзінің сөйлеген сөзінде Қазақстанның экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының аса маңызды басымдықтарын айқындады.

Мемлекет басшысы кездесуге қатысушылардың назарын Қазақстанның негізгі сыртқы саяси басымдықтарының айнымайтындығына аударды.

Осындай басымдықтардың бірі Ресей Федерациясымен одақтастық қарым-қатынастарды нығайту болып табылады. ҚХР-мен стратегиялық байланыстар тереңдей түсуде. Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты арттыру қазақстандық сыртқы саясаттың маңызды бағыты болып қала бермек.

АҚШ-пен стратегиялық әріптестік кеңейтілмек. Еуропа елдерімен және Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты жандандыру мақсатында Қазақстан Президенті ағымдағы жылы "Еуропаға жол" мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Н.Назарбаев ислам әлемінің ажырамас бөлігі болып табылатын Қазақстан Шығыстың араб және мұсылман мемлекеттерімен ынтымақтастыққа үлкен маңыз беретінін атап өтті. Жапония, Үндістан, Бразилия, Түркия, Корея Республикасы, Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы мен Африканың жетекші мемлекеттерімен әріптестікті дамыту Қазақстанның басты назарында болмақ.

"Қазақстан Республикасы көпжақты ынтымақтастық пен мемлекеттердің жаһандық проблемаларды шешуге ұжымдық жауапкершілігі принципін нығайтуды көздейтін белсенді және теңдестірілген сыртқы саясатты ұстанады", - деп атап көрсетті мемлекет басшысы.

Бүгінде еліміздің АӨСШК-ке, Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі диалогқа төрағалық етуі, сондай-ақ ШЫҰ аясындағы белсенді қызметі Қазақстанның өңірдегі ынтымақтастық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан қомақты үлесі болып табылады.

Қазақстан ықпалдастық үдерістерді алға жылжыту мен ЕурАзЭҚ аясында Кедендік Одақ құруды жалғастыра береді. ТМД қызметі бұрынғыша өзекті болып отыр.

Қазақстан 2011 жылы Ислам Ұйымы конференциясы министрлер конференциясына төрағалық етуді осы ұйымның жетекші мемлекеттерімен қарым-қатынасты нығайту мүмкіндігі ретінде ғана емес, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың әртүрлі өркениеттері мен діндері арасындағы ашық үнқатысуды кеңейту мен тереңдетудің бірегей мүмкіншілігі ретінде қарастырады.

Илемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мәртебесі көтеріліп, ауқымы кеңейе түсуде. Үшінші съезд 2009 жылдың шілде айында Астанада өтпек.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясының барысында Қазақстанның бастамасымен 2010 жылды "Халықаралық мәдениеттер жақындастығы жылы" деп жариялау туралы қарар қабылданды.

Үстіміздегі жылдың қазанында Батыс пен мұсылман әлемі мемлекеттерінің сыртқы саясат ведомстволары басшыларының қатысуымен өткен "Ортақ әлем: әралуандық арқылы прогреске" атты сыртқы істер министрлерінің конференциясы осы үнқатысу алаңына деген сұранысты айғақтай түсті.

Президент форум қорытындысы бойынша қабылданған "Астана декларациясы" жоғары деңгейдегі саяси диалогты қалыптастыру үшін берік негіз бола алады деген пікір білдірді.

Кездесуде сөз сөйлеген Изербайжан Республикасының Қазақстандағы елшісі Лятиф Сейфеддин оғлы Гандилов өткен жыл ішінде Қазақстанның экономикалық, сондай-ақ қоғамдық-саяси өмірінде көп жетістіктерге қол жеткенін атап өтті.

"Біз Қазақстанның халықаралық беделінің нығаюына куә болдық. Бейбітшілік, өңірдегі қауіпсіздік пен ядролық қарусыз әлем идеясы жалпыдан бірдей қолдау тауып, құрметке бөленді. Қазақстанның діндер мен мәдениеттер арасындағы толеранттық пен өзара түсіністікті дамытуға бағытталған күш-жігері жоғары бағаға лайық", - деді дипломат.

Изербайжан елшісі Қазақстан дер кезінде қабылдаған шешімдер мен дағдарысқа қарсы бағдарламаның арқасында дағдарыстың кері әсерін азайта алғанын атап өтті.

"Халықаралық сарапшылар бұл бағдарламаны жоғары бағалады. Бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет екендігін тағы бір дәлелдейді. Ол демократия, ұлтаралық келісім, төзімділік пен экономикалық өсім жолында батыл қадам басып барады", - деп атап көрсетті Лятиф Сейфеддин оғлы Гандилов.

Л.Гандилов дипломатиялық корпустың атынан Елбасы мен барша Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен және Тәуелсіздік күнімен, сондай-ақ Жаңа Жылмен құттықтады.

Кездесудің соңында Мемлекет басшысы дипломаттарға атқарып отырған жұмыстары үшін ризашылық білдірді.

"Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында Қазақстанның өздеріңіз өкілдік етіп отырған елдермен және ұйымдармен ынтымақтастығы мен достық қарым-қатынасы дәйекті түрде нығайып келеді", - деді Н.Назарбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны