28.04.2010, 16:30 3126

Қазақстан өңірлерінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес желісі бойынша бірнеше ауыр қылмыс әшкереленді

Қазақстан өңірлерінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес желісі бойынша бірнеше ауыр қылмыс әшкереленді

Астана. 28 сәуір. Kazakhstan Today - Қазақстан өңірлерінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес желісі бойынша бірнеше ауыр қылмыс әшкереленді. Бұл туралы ҚР ІІМ-нің тіл саясаты және ақпарат департаментінің жетекшісі Қуанышбек Жұманов бүгін өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Қ.Жұманов хабарлағандай, "Оңтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері ақпан айының ортасында Мақтаарал ауданында жасалған қарақшылық шабуылды ашты. Онда бетперде киген белгісіз адамдар осындағы компаниялардың бірінің ғимаратына баса-көктеп кіріп, қарумен қорқыту арқылы диспетчер мен оператор-кассирді соққыға жыққан, содан кейін көлемі 1,5 млн теңгеден астам ақшаны иемденген".

"Кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының барысында төрт жергілікті тұрғын (20 және 22 жастағылар) ұсталып, олар бүгінгі күнде қылмыс жасағандарын мойындады. Ұсталғандардың осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы тексерілуде, сондай-ақ олардың сыбайластарын құрықтау бойынша шаралар қабылдануда",- деді ІІМ өкілі.

Сондай-ақ, "Батыс Қазақстан облысының Ақсай полиция бөліміне 9 жасар қыз баланың ата-анасы хабарласып, қыздарының таңертең мектепке кеткеннен хабарсыз жоғалғаны туралы жеткізді. Сондай-ақ сол күні жәбірленушінің мектепке келмегендігі де анықталды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 23 сәуірде полиция қызметкерлері 30 жастағы жергілікті тұрғын мен оның сыбайласын ұстады. Олар жәбірленушіні жақындарынан ақша талап ету мақсатында Орал қаласында өздері жалға алған пәтерде ұстап отырған",- деді Қ.Жұманов.

ІІМ мәліметінше, бұған қоса, "наурыз айының басында Қарағанды қаласындағы пәтерлердің бірінде болған өрт сөндірілгеннен кейін, ол жерден пышақ жарақаттары салынған пәтер иесінің және сонымен бірге тұратын адамның мәйіттері табылған. Жәбірленуші әйелдің пәтерінен электр-тұрмыстық техника, ұялы телефондар және 15 мың теңге ақша жоғалған".

"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шахтинск қаласында жалға алынған пәтерден бұған дейін ұрлық жасағандары үшін сотталған екі ағайынды ұсталды, олар пайдакүнемдік мақсатта кісі өлтіргендерін мойындады. Аталған факт бойынша тергеу жүргізіліп, ұсталғандардың осыған ұқсас ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы тексерілуде",- деді Қ.Жұманов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны